Амманда сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты жандандыру перспективалары талқыланды

Амманда сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты жандандыру перспективалары талқыланды

30 шілдеде Қазақстанның Иорданиядағы Елшісі А.Тұматов Қазақстан – Иордания Үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) тең төрағасы-Иорданияның Индустрия, сауда, жабдықтау және еңбек министрі Юсуф Әл Шамалимен кездесу өткізді.

Елші сұхбаттасушыны Қазақстанның экономикалық дамуы мен инвестициялық ахуалының негізгі көрсеткіштері туралы хабардар етті. Қазақстан мен Иорданияның сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту үшін зор әлеуеті бар екендігі атап өтілді.

Кездесудің негізгі тақырыбы 2023 жылғы 15-16 қарашада Корольдіктің астанасы Амман қаласында өтуі жоспарланған ҮАК кезекті отырысын өткізуге дайындық болды.

Иордания министрі алдағы отырыстың мазмұнды және ұйымдастырушылық мәселелерін іске асыруға кірісетін сарапшылардың техникалық тобы құрылғанын хабарлады.

Сонымен қатар, Иордания тарапы алдағы іс-шара шеңберінде екі елдің сыртқы сауда палаталарының қатысуымен Іскерлік кеңестің отырысын өткізуге дайын екендігін білдірді.

Іс-шарада қазақстандық делегацияны Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров басқарады.

ҮАК шеңберінде екіжақты ынтымақтастықты жандандыруға бағытталған келісімдер мен меморандумдарға қол қойылады деп күтілуде.