
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30-жылдығын мерекелеу аясында ү.ж. 11 тамызда Иордания Хашимит Корольдігінің астанасы Амман қаласында Қазақстан кино күндерінің ашылуы өтті. Аталған іс-шараны Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ мен Иордания кинематография жөніндегі Корольдік комиссиясымен бірлесе отырып ҚР Елшілігі ұйымдастырды. Фильмдердің көрсетілуіне дипломатиялық корпус, БАҚ өкілдері, сондай-ақ қоғам қайраткерлері мен қала тұрғындары қатысты.
ҚР Елшісі Айдарбек Тұматов қонақтарды қарсы алу аясында оларға Қазақстан киносына деген шынайы қызығушылықтары үшін ризашылығын білдірді және аталған іс-шара иордандықтарға Қазақстан халқымен, оның тарихы мен мәдениетімен танысуға мүмкіндік беретінін, сондай-ақ Қазақстан-Иордания мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға үлес қосатынын атап өтті.
Иорданиялық көрермендерге Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы ұсынған 2 фильм көрсетілді. Бірінші күні режиссер Нұргелді Садығұлов түсірген «Балуан Шолақ» көркем фильмі көрсетіліп, көрермендердің жоғары бағасына ие болды. Көрсетілімді режиссер Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» көркем фильмі жалғастырады.