2021 жылы 7 қаңтарда Қазақстан Республикасының Аммандағы Елшісі Айдарбек Тұматов еліміздегі кезекті парламенттік сайлау қарсаңында Иорданияның жетекші медиа-ресурстарының, солардың ішінде «Петра» ақпараттық агенттігінің және «ад-Дустур» мен «аль-Рай» басылымдарының өкілдері, сондай-ақ Орталық Азия аймағындағы саяси процестерді зерттеу саласындағы сарапшылар үшін брифинг өткізді.
Іс-шара барысында дипломатиялық миссияның басшысы Қазақстан Республикасының қазіргі сайлау жүйесі, Парламенттің құрылымы мен қызметі, елдегі демократиялық институттар мен процедураларды нығайтуға бағытталған соңғы реформалар туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Атап айтқанда, медиа қоғамдастық өкілдеріне Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен саяси партияларды тіркеу үшін партия мүшелері санының төменгі шегін екі есеге азайту, бейбіт жиналыстар өткізу тәртібін өзгерту, парламенттік оппозиция институты мен партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер және жастар үшін кемінде 30 пайыз мөлшеріндегі квотаны енгізу бойынша қабылданған реформалар туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар, 2020 жылы саяси процесті одан әрі демократияландыру шеңберінде елдің партиялық-саяси даму тарихында алғаш рет «Nur Otan» ең ірі саяси партиясының «праймеризі» өтті.
Алдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің сайлауына дайындық барысында бес саяси партияның партиялық тізімдері тіркелгені, барлығы 312 үміткер болғандығы атап өтілді. Сонымен қатар, шет мемлекеттерден және халықаралық ұйымдардан 400-ге жуық бақылаушылар аккредитациядан өтті.
Өз кезегінде, шақырылған сарапшылар Қазақстанда демократиялық негіздер мен саяси плюрализмді одан әрі нығайту бойынша қабылданған қадамдарға жоғары баға беріп, келе жатқан сайлауға түрлі бағыттағы партиялардың қатысуын атап өтті.
Кездесу соңында әртүрлі салалардағы, соның ішінде сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары, сондай-ақ осы жылдағы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Иордания мемлекеттілігінің 100 жылдығына арналған бірлескен іс-шаралар өткізу туралы пікір алмасылды.