Аммандағы көшелердің бірі Абайдың құрметіне аталған

Аммандағы көшелердің бірі Абайдың құрметіне аталған

2020 жылғы 30 желтоқсанда Қазақстанның Иорданиядағы Елшілігінің қазақ халқының ұлы ақыны мен ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мерекелеуге арналған бірқатар мәдени іс-шараларының шарықтау шегі ретінде Амман қаласында Абай көшесінің ашылу салтанаты өтті.

Елші Айдарбек Тұматов өз сөзінде Иордания астанасының орталық көшелерінің біріне Абай есімінің берілуі Қазақстан мен Иордания арасындағы достық қатынастардың тағы бір расталуын, сондай-ақ бауырлас қалалар болып табылатын Нұр-Сұлтан мен Амман арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейінің дәлелі екенін атап өтті.

Өз кезегінде Амман муниципалитетінің Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Исмаил әл-Бустанджи «бүгінгі іс-шара достас қазақ халқының жарқын өкілі болып табылатын Абайдың жоғары шеберлігіне деген құрмет екенін» атап өтті.

2010 жылдың мамыр айында Король ІІ Абдалланың Жарлығымен Иордания астанасының орталық көшелерінің біріне ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың есімі берілді. 2018 жылғы желтоқсанда Амманда «Астана» көшесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Нұр-Сұлтанда Иордания астанасы Амман атындағы көше бар, ал 2017 жылғы 27 шілдеде Иорданияның ұлттық күні аясында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде Хусейн бен Талал атындағы көшені ашу рәсімі өтті.