Қазақтың ұлы ақыны мен ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мерекелеу аясында, 2020 жылғы 22 желтоқсанда Иорданиядағы ең ірі жоғары оқу орындарының бірі «Middle East University» кітапханасы негізінде Абай бұрышының салтанатты ашылуы өтті.
Іс-шара аталған университет басшылығы мен студенттері, сондай-ақ Елшілік қызметкерлері мен қазақстандық диаспораның қатысуымен өтті.
Абай Құнанбайұлы шығармаларының араб тіліндегі кітабының тұсаукесері іс-шараның басты оқиғасы болды. Осы ретте, ректор Аляаддин әл-Халхули жергілікті жастар арасында қазақ әдебиетін кеңінен насихаттау үшін университет қабырғасында көрнекті классиктің шығармаларымен бұрыш ашудың маңыздылығын атап өтті. Қазақстан Республикасының Аммандағы Елшісі Айдарбек Тұматов өз сөзінде де бұл тезиске баса назар аударып, осы іс-шара екі елдің мәдени мұраларын байланыстыратын қосымша көпір болатынына сенім білдірді.