Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауын Иорданияның БАҚ және сараптамалық топтары талқылады

Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауын Иорданияның БАҚ және сараптамалық топтары талқылады

Амман, 2025 жылғы 23 қыркүйек – Bristol Amman Hotel қонақүйінде Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі Елшілігінің ұйымдастыруымен Иорданияның жетекші БАҚ өкілдері мен сарапшылар қауымдастығы қатысқан «дөңгелек үстел» өтті.

Қазақстанның Иорданиядағы Елшісі Талғат Шалданбай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі мазмұнымен, сондай-ақ еліміздің «Әділ, Күшті және Цифрлық Қазақстанды» құру бағытымен таныстырды.

Елші Жолдау цифрландыру және жаһандық сын-қатерлер дәуіріндегі дамудың негізгі бағдарларын айқындайтын стратегиялық құжатқа айналғанын атап өтті. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруға, жаңа инвестициялық циклды іске қосуға, Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін нығайтуға, әлеуметтік және білім беру салаларын жаңғырту жөніндегі шараларға, сондай-ақ бір палаталы Парламентке көшу және атом электр станцияларын салу жөніндегі бастамаларға ерекше назар аударылды. Ел дамуының аталған және басқа бағыттардағы негізгі мәселелері иордандық қатысушылардың айрықша қызығушылығын тудырды.

Сонымен қатар, кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты тереңдету жолында жаңа перспективалар ашқан 2025 жылы Президент Қ.Тоқаевтың Амман қаласына және Король Абдалла II-нің Астана қаласына жүзеге асқан өзара сапарларының тарихи сипаты атап өтілді.

Іс-шара ашық диалог атмосферасында өтті. Журналистер мен сарапшылар Қазақстан Президентінің реформалары мен бастамаларына қызығушылық танытып, Қазақстан мен Иордания арасындағы өзара түсіністікті нығайту және ақпараттық өзара іс-қимылды кеңейту үшін мұндай кездесулердің маңыздылығы туралы ой білдірді.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауының негізгі ережелеріне, сондай-ақ саяси диалогты, сауда-экономикалық байланыстарды, инвестициялық ынтымақтастықты, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы әріптестікті дамытуды, сондай-ақ тікелей әуе қатынасын ашу перспективаларын қоса алғанда, Қазақстан-Иордания өзара іс-қимылының өзекті аспектілеріне қатысты бірқатар сұрақтар қойды.

Іс-шара соңында кездесуге қатысушыларға Қазақстан туралы кітаптар мен ақпараттық материалдар табыс етілді.