
2023 ж. 26-27 сәуірде Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінің аумағында Жамбыл облысының әкімі Н. Нұржігітов, ҚР Ұлттық экономика министрі Ә. Қуантыров, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б. Мусин, Сауда және интеграция бірінші вице-министрі А. Шаққалиев, Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісі Б. Атамқұлов және басқа да құрметті қонақтардың қатысуымен инвестициялық-экономикалық форум өтті.
Форум аясында Мажарстан, Бельгия, Қытай, Түркия, Ресей, Польша, Әзірбайжан, Корея (KOTRA), Иран, Литва және Сауд Арабиясының Елшіліктері мен Бас консулдықтарының өкілдері қатысқан дипломатиялық клубтың отырысы өтті. Дипломатиялық клуб мүшелерінің бірауыз шешімімен президенттің м.а. болып ҚХР Бас консулы Цзян Вэй сайланды. Сондай-ақ, дипломатиялық клубтың құрамына «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшысы Д. Әбілқайыров кірді.
Дипломатиялық клуб сауда-экономикалық, техникалық, өндірістік, қаржылық және мәдени салалардағы шетелдік дипломатиялық корпус пен Қазақстанның іскер топтары арасындағы өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықты дамыту мен нығайтуға арналған алаң болып табылады.