Алматы, 2020 жылғы 8 желтоқсан – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің халықаралық күні қарсаңында ҚР СІМ, Нұрсұлтан Назарбаев қорының, ЕҚЫҰ және басқа да бірқатар серіктестердің қолдауымен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұйымдастыруымен «Парасаттылыққа апаратын сара жол: айқындылықты, есептілікті және қоғамдық қатысуды арттыру» атты VI дәстүрлі конференция алғаш рет онлайн-форматта өтті.
Конференцияның ашылу салтанатына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Төрағасы А.Шпекбаев, ҚР Тұңғыш Президенті қоры Атқарушы директорының орынбасары И.Рогов, БҰҰ-ның ҚР-дағы Тұрақты өкілі Я.Бериш, ЕҚЫҰ ҚР-дағы Бағдарламалар офисінің басшысы Д.Сабо, АҚШ-тың Алматыдағы Бас Консулы Э.Майер және т. б. қатысты.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Төрағасы Алик Шпекбаев өзінің кіріспе сөзінде конференцияға қатысушыларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформалармен және елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресіндегі басқа да оң үрдістерімен таныстырды, сондай-ақ Қазақстанның жемқорлыққа қарсы саясаты озық халықаралық стандарттар негізінде жетілдіріліп келе жатқанын да атап өтті.
Іс-шара барысында келесі тақырыптарға арналған үш панельді сессия өткізілді: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы имплементацияланған құралдардың тиімділігін бағалау; Сыбайлас жемқорлық үшін болатын жазаның ашықтығын, есептілігін және бұлтартпастығын қамтамасыз етудегі үздік тәжірибелер; Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың цифрлық құралдары.
Конференция жұмысына шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың, ҮЕҰ, сарапшылар қоғамдастығы мен мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты. Қатысушылар осы дәстүрлі іс-шараның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында тәжірибе алмасу мен ынтымақтастықты жолға қоюға арналған алаң болып табылатынын атап өтті. Іс-шара қорытындысы бойынша шетелдік серіктестер және ҮЕҰ-мен одан арғы ынтымақтастық туралы уағдаластықтарға қол жеткізіліп, елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын одан әрі дамытудың ықтимал бағыттары айқындалды.