Алжир, 2026 жылғы 19 қазан - Қазақстан Республикасының күні, Қазақстан Тәуелсіздігінің 35-жылдығы және Қазақстан мен Алжир арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30-жыл толуына орай Қазақстанның Алжирдегі Елшілігі қазақ-алжирлік сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту перспективаларына арналған бизнес-дөңгелек үстел мен телекөпір ұйымдастырды.
Қазақстанның Алжирдегі Елшісі Әнуарбек Ахметов қатысушыларға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың барысы туралы жан-жақты баяндап, екі мемлекет арасындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне тоқталды. Қазақстанның сауда-экономикалық және инвестициялық әлеуетіне, сондай-ақ ұлттық экономиканың басым салаларына ерекше назар аударылды.
Өз кезегінде, алжирлік кәсіпкерлер Қазақстанда инвестиция салуға қолайлы жағдайлар қалыптасқанын атап өтіп, екіжақты іскерлік байланыстарды одан әрі кеңейтуге мүдделілік танытты.
Пікірталас барысында тараптар ауыл шаруашылығы, энергетика, цифрландыру, көлік және қаржы салаларындағы өзара іс-қимыл перспективалары жөнінде пікір алмасты.
Бизнес-телекөпірге екі ел экономикасының басым салаларында жұмыс істейтін 20 алжирлік және 10 қазақ компанияның басшылары қатысты. Онлайн-кездесу барысында қатысушылар өз компанияларының қызметі туралы ақпарат ұсынып, алжирлік серіктестермен ынтымақтастықты дамытудың перспективалы бағыттарын айқындады. Сонымен қатар өзара тиімді іскерлік байланыстар орнатуға және бірлескен жобаларды іске асыруға қызығушылық білдірді.
Жалпы, алжирлік кәсіпкерлер Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтап, елдің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуындағы елеулі жетістіктерін атап өтті. Сондай-ақ, олар Қазақстанда бизнес жүргізу және инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктерімен жақынырақ танысуға жағдай жасағаны үшін қазақ дипломаттарға алғыс білдірді.
Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза болуына байланысты 2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Нью-Йорк, 2026 жылғы 24 қыркүйек – Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясының аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Бенин Республикасының Сыртқы істер министрі Корин Амори Брюне Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Бенин Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойды.
Құжат екі ел дипломатиялық және қызметтік паспорт иелерінің өзара сапарларын жеңілдетуге, сондай-ақ Қазақстан мен Бенин арасындағы саяси және сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға бағытталған.
2026 жылғы 22 қыркүйекте Қазақстан Республикасы мен Орталық Африка Республикасының сыртқы саяси ведомстволарының басшылары БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясы аясында Нью-Йорк қаласында екі ел арасында дипломатиялық қатынастар орнату туралы Бірлескен коммюникеге қол қойды.
Құжаттың қабылдануы Қазақстан мен Орталық Африка Республикасының екіжақты байланыстарды дамытуға және халықаралық алаңдардағы өзара іс-қимылды нығайтуға өзара мүдделілігін растайды.
Біз, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің Cыртқы істер министрлері (бұдан әрі – ОАЯҚАА туралы шарт), Семейде ОАЯҚАА туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толуына орай,
адамзаттың ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі ортақ мақсатына деген бейілдігімізді растай отырып және ядролық қаруды кез келген қолданудың немесе сынаудың апатты гуманитарлық салдарын сезіне отырып,
ядролық қарудан азат аймақтарды құру ядролық қарудың таралуының алдын алудың және жаһандық қарусыздану процесін нығайтудың ең күшті әмбебап құралдарының бірі екенін атап көрсетіп,
Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы ХХІ ғасырда Орталық Азияда даму мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарттың өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту ісіндегі маңыздылығын атап өтіп,
Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру идеясы алғаш рет Өзбекстан Республикасы тарапынан 1993 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 48-сессиясында ұсынылғанын еске сала отырып,
Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру өңір елдерінің күш-жігерін шоғырландырудың табысты үлгісі екеніне сенімді бола отырып және бұл ядролық қаруды таратпау режимі мен ядролық қарусыздану процесін, өңірлік және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жолындағы, сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану және радиоактивті ластанудан зардап шеккен аумақтарды экологиялық сауықтыру саласындағы ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам болғанын атап көрсетіп,
Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына отыз бес жыл толуын және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың қол қою үшін ашылғанына отыз жыл толуын құптай отырып, сондай-ақ планетаның барлық өңірлеріндегі ядролық жарылыстар мен олардың салдарынан зардап шеккен көптеген құрбандардың рухына тағзым ете отырып,
төмендегіні мәлімдейміз: 1. 2006 жылғы 8 қыркүйекте Семей қаласында Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы қол қойған өзінің тарихи маңызы зор ОАЯҚАА туралы шартқа деген бейілділігімізді тағы да растаймыз. Өңірде қауіпсіздікті, тұрақтылықты және бейбітшілікті қамтамасыз етуге ұмтылған Орталық Азияның барлық бес мемлекетінің ұжымдық күш-жігерінің нәтижесі бола отырып, сондай-ақ Солтүстік жарты шарда толығымен орналасқан және ядролық қаруға ие екі мемлекетпен тікелей шектесетін алғашқы әрі жалғыз осындай аймақ болып қала отырып, Семей шарты жаһандық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуда маңызды рөл атқаруын жалғастырып, Орталық Азияның бір кездері ядролық қару белсенді түрде сыналған және орналастырылған өңірден ядролық қарусыздандыру жөніндегі жаһандық күш-жігер көшбасшыларының біріне айналуының символдық үлгісі ретінде қызмет етеді. 2. Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) ядролық қарудың таралуын болдырмауға және түптеп келгенде оны толық жоюға бағытталған халықаралық күш-жігердің іргетасы ретіндегі шешуші рөлін растаймыз. Осыған байланысты ЯҚТШ-ға қатысушы мемлекеттердің Он бірінші шолу конференциясының мазмұнды қорытындылар қабылдамай аяқталғанына өкініш білдіреміз. Бұл ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы сақталып отырған келіспеушіліктер мен сенім тапшылығын көрсетеді. ЯҚТШ-ның барлық қатысушыларын өзара байланысты және бірін-бірі толықтыратын үш тірек – ядролық қарусыздану, таратпау және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бойынша міндеттемелерді тиімді жүзеге асыру жөніндегі келіссөздерді адал ниетпен жалғастыруға шақырамыз.
Қарусыздану және таратпау мәселелері бойынша ақпараттандырудың бейбітшілік, сенім және жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудағы маңызды рөлін атап көрсетеміз және жастарды қарусыздану мен халықаралық қауіпсіздік мәселелерін талқылауға тартудың ерекше маңыздылығын атап өтеміз. Қырғыз Республикасы бастамашылық еткен, жыл сайын 5 наурызда – ЯҚТШ күшіне енген күні символдық түрде атап өтілетін Қарусыздану және таратпау мәселелері жөніндегі ақпараттандырудың халықаралық күнін, сондай-ақ онымен байланысты өңірлік білім беру бастамаларын одан әрі ілгерілетуді қолдаймыз.
Осыған байланысты БҰҰ-ның Қарусыздану және таратпау саласындағы ақпараттандыру мәселелері жөніндегі зерттеуінде, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысының қарусыздану саласындағы «Біздің ортақ болашағымызды қамтамасыз ету: қарусыздану саласындағы күн тәртібі» (Securing Our Common Future: An Agenda for Disarmament) атты күн тәртібінде қамтылған ұсынымдардың өзектілігін атап өтеміз.
Құрметті отандастар!
Бүгін әлем қауымдастығы Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы бекіткен Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнін атап өтіп жатыр.
Осыдан 35 жыл бұрын халықаралық ахуал күрделі болғанына қарамастан, Семей ядролық полигоны жабылды. Ондаған жыл бойы жасалған жарылыстар азаматтарымыздың денсаулығына және қоршаған ортаға орасан зор зардабын тигізіп, халқымызға орны толмас қасірет әкелді. Бұл ядролық сынақтардың салдары күллі адамзат баласы үшін аса ауыр болғанын ұғындыратын, сондай-ақ әлем жұртшылығын мұндай алапат апатқа жол бермеуге шақыратын айрықша маңызды күн саналады.
Қазақстан дүние жүзінде қуаты жағынан төртінші орындағы ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Еліміз бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақты даму жолын таңдап, тарихи шешім қабылдады. Соның арқасында халқымыздың ұзақ жылдар бойы аңсаған арман-тілегі орындалды. Бұл қадам мемлекетіміздің өскелең ұрпақ алдындағы терең жауапкершілігін паш еткені сөзсіз.
Жаңа Конституция преамбуласында еліміздің бейбітшілікке ұмтылып, барлық мемлекетпен достық қарым-қатынас орнататыны айқын жазылды. Осы ұстаным сыртқы саясатымыздың мызғымас қағидаты болып қала береді. Халықаралық антиядролық қозғалыс көшбасшыларының бірі ретінде еліміздің ұстанымы өзгермейді: біз ядролық державалар арасында кикілжің емес, келіссөздер болуын қолдаймыз, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың күшіне енуін тездетуге және ядролық қаруды қолдануға қатысты қауіп-қатерлерді жою үшін бірлесіп батыл қадамдар жасауға шақырамыз.
Біз атом энергиясын жасампаз мақсатта ғана пайдаланған жөн деп санаймыз. Халқымыз жалпыұлттық референдумда ядролық энергетиканы дамытудың стратегиялық бағыт-бағдарын бірауыздан қолдап, Қазақстанның ондаған жылдарды қамтитын экономикалық және ғылыми-техникалық өрлеуінің берік негізін қалады.
Осы стратегиялық таңдау ауқымды өзгерістерге жол ашып, мемлекетіміздің тұрақты өсіп-өркендеуіне айрықша серпін беретіні анық. Қазіргі таңда барлық салада жасалып жатқан түбегейлі реформалардың мақсаты – бір. Біз Әділетті, Озық және Таза Қазақстанды құрып жатырмыз.
Бәріміз бір ел болып, биік мақсатымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін.
Алжир, 2026 жылғы 13 тамыз – Қазақстан Республикасының Алжирдегі Елшісі Әнуарбек Ахметов Sonelgaz тобының Президенті - Бас директоры Абдеррахман Сахримен келіссөздер жүргізді.
Кездесу барысында энергетика саласындағы Қазақстан мен Алжир арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту перспективалары, сондай-ақ екі елдің бейінді компанияларының қатысуымен бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланды.
Электр энергетикасы, газ инфрақұрылымы, энергетикалық технологиялар, өндірістік қуаттарды жаңғырту, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін дамыту салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарына ерекше назар аударылды.
Елші Ә.Ахметов Қазақстан мен Алжирдің энергетика секторындағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту үшін елеулі әлеуетін атап өтіп, тиісті салаларда қажетті құзыреттері мен технологиялары бар қазақ компаниялардың мүмкіндіктерін таныстырды.
Өз кезегінде, А.Сахри екі елдің компаниялары арасында тікелей байланыстар орнатуға, тәжірибе алмасуға және өзара мүдделілік тудыратын нақты жобаларды қарастыруға тараптардың өзара қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар әріптестікті одан әрі дамытуға мүдделі екендерін растады және бірлескен жобаларды іске асыру мақсатында екі елдің бейінді құрылымдары арасындағы байланыстарды жалғастыруға уағдаласты.
Sonelgaz - Алжирдің ең ірі мемлекеттік энергетикалық тобы, ол елді электр энергиясы мен табиғи газбен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Sonelgaz құрамына электр энергиясын өндіру, электр энергиясы мен газды тасымалдау және тарату, жаңартылатын энергетика, инженерлік қызметтер, сондай-ақ электр және газ жабдықтарын өндіру бағыттарында маманданған компаниялар кіреді.
Алжир, 2026 жылғы 11 тамыз - Қазақстан Республикасының Алжирдегі Елшісі Әнуарбек Ахметов Алжирдің Денсаулық сақтау министрі Мохаммед Сиддик Айт Мессауденмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында денсаулық сақтау саласындағы Қазақстан-Алжир ынтымақтастығын дамыту перспективалары жөнінде пікір алмасу орын алды. Министрге отандық медицинаның жекелеген жетістіктері, оның ішінде Қазақстандағы ағзаларды, оның ішінде жүрек трансплантациясын жүргізу саласындағы жинақтаған тәжірибесі, онкологиялық ауруларды емдеудің заманауи тәсілдері, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесіне цифрлық шешімдерді енгізу тәжірибесі таныстырылды.
Жаңа Конституция аясында Алжир министрі 32-бапта көзделген норманы қызығушылықпен қабылдап, денсаулық саласын дамыту перспективаларын кеңейтетін «медициналық көмекті ақы төлемей алу» ұғымының енгізілуіне жоғары баға берді.
Қазақстанның антиядролық саясатын құптай отырып, М. Сиддик Айт Мессауден атом сынақтарынан зардап шеккендерді медициналық оңалту бағытында қазақстандық дәрігерлердің күш-жігері мен жетістіктерін жоғары бағалады. Алжир Сахарасындағы ядролық полигонның қайғылы мұрасын атап өтіп, Министр онкологиялық аурулармен күрес саласындағы Қазақстан тәжірибесін зерделеуге қызығушылық білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар одан әрі өзара іс-қимыл жасаудың, тәжірибе және технологиялар алмасудың, сондай-ақ екі елдің бейінді мекемелері арасында практикалық ынтымақтастық орнатудың маңыздылығын атап өтті.
Алжирде ұлы қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы» музыкалық шығармасы орындалды.
Шығарма Алжирде алғаш рет Қазақстан және Алжир музыканттарының орындауында Алжирдің мәдени мұрасының символдарының бірі саналатын әйгілі Нотр-Дам-д'Африк базиликасында шырқалды.
Ұлы ойшылдың мұрасына мәдени және рухани сан алуандылықтың символы болып табылатын храм қабырғасында үн қату мәдениеттер диалогының өзіндік көрінісіне және Абайдың гуманистік идеяларының әмбебаптығының айғағына айналды.
Музыкалық шығарма фортепиано және екі скрипкадан тұратын құрамда орындалды. Фортепиано партиясын қазақстандық пианист Алия Ахметова-Сальвиа, скрипка партияларын Алжирдің Мемлекеттік симфониялық оркестрінің музыканттары Вера Айт-Тахар мен Сид Али Гида орындады. Концертке ақын Юлия Эльдарофф та қатысты.
«Көзімнің қарасы» шығармасының орындалуы Абайдың музыкалық және поэтикалық мұрасының халықтар арасындағы өзара таныстықты нығайтуға, мәдени байланыстарды дамытуға және өзара түсіністік, бірлік пен келісім құндылықтарын ілгерілетуге ықпал ететінінің жарқын мысалы болды.
Қазақстан Республикасының Алжирдегі Елшілігі Абай шығармашылығын насихаттауға және өнер арқылы адамдарды біріктіретін ұмытылмас сәттерді сыйлауға қосқан үлесі үшін музыкалық жобаға қатысушылардың барлығына ризашылығын білдіреді.
Алжир, 2026 жылғы 6 тамыз – Қазақстан Республикасының Алжирдегі Елшісі Әнуарбек Ахметов Алжирге жұмыс сапарымен келген Нигерия Федеративтік Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Дунома Умар Ахмедпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалары таныстырылды. Сондай-ақ жаңа Конституцияның күшіне енуі және алдағы Құрылтай сайлауы туралы ақпарат берілді.
Сұхбаттасушыға Қазақстан Президентінің БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы таныстырылды. Нигерия СІМ-нің Мемлекеттік хатшысы аталған бастаманың өзектілігін жоғары бағалап, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету барлық мемлекеттердің күш-жігерін біріктіруді талап ететін жаһандық міндет екенін атап өтті.
Тараптар сондай-ақ Қазақстан-Нигерия ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылап, саяси диалогты одан әрі дамыту, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және шарттық-құқықтық базаны жетілдіру мәселелері бойынша пікір алмасты.
Кездесу қорытындысы бойынша халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға, сондай-ақ екі елдің елшіліктері мен сыртқы саяси ведомстволары арасындағы тұрақты байланыстарды қолдауға өзара мүдделілік расталды.