Тирана, 2026 жылғы 8 қазан – Қазақстанның Албаниядағы Елшісі Искандер Айсариев Албанияның Азаматтық авиация басқармасының директоры Максим Этхемаймен кездесті.
Тараптар азаматтық авиация саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту, бейінді ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту және шарттық-құқықтық базаны кеңейту перспективаларын талқылады.
Қазақстан мен Албания арасындағы әуе қатынасын дамыту мәселелеріне және оның сауда-экономикалық, туристік және гуманитарлық байланыстарды кеңейтудегі маңызына ерекше назар аударылды.
Сұхбаттастар сондай-ақ Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ICAO) аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері бойынша пікір алмасып, авиация саласындағы ортақ күн тәртібін ілгерілету жөніндегі алдағы қадамдарды талқылады.
Құрметті отандастар!
Бүгін әлем қауымдастығы Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы бекіткен Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнін атап өтіп жатыр.
Осыдан 35 жыл бұрын халықаралық ахуал күрделі болғанына қарамастан, Семей ядролық полигоны жабылды. Ондаған жыл бойы жасалған жарылыстар азаматтарымыздың денсаулығына және қоршаған ортаға орасан зор зардабын тигізіп, халқымызға орны толмас қасірет әкелді. Бұл ядролық сынақтардың салдары күллі адамзат баласы үшін аса ауыр болғанын ұғындыратын, сондай-ақ әлем жұртшылығын мұндай алапат апатқа жол бермеуге шақыратын айрықша маңызды күн саналады.
Қазақстан дүние жүзінде қуаты жағынан төртінші орындағы ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Еліміз бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақты даму жолын таңдап, тарихи шешім қабылдады. Соның арқасында халқымыздың ұзақ жылдар бойы аңсаған арман-тілегі орындалды. Бұл қадам мемлекетіміздің өскелең ұрпақ алдындағы терең жауапкершілігін паш еткені сөзсіз.
Жаңа Конституция преамбуласында еліміздің бейбітшілікке ұмтылып, барлық мемлекетпен достық қарым-қатынас орнататыны айқын жазылды. Осы ұстаным сыртқы саясатымыздың мызғымас қағидаты болып қала береді. Халықаралық антиядролық қозғалыс көшбасшыларының бірі ретінде еліміздің ұстанымы өзгермейді: біз ядролық державалар арасында кикілжің емес, келіссөздер болуын қолдаймыз, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың күшіне енуін тездетуге және ядролық қаруды қолдануға қатысты қауіп-қатерлерді жою үшін бірлесіп батыл қадамдар жасауға шақырамыз.
Біз атом энергиясын жасампаз мақсатта ғана пайдаланған жөн деп санаймыз. Халқымыз жалпыұлттық референдумда ядролық энергетиканы дамытудың стратегиялық бағыт-бағдарын бірауыздан қолдап, Қазақстанның ондаған жылдарды қамтитын экономикалық және ғылыми-техникалық өрлеуінің берік негізін қалады.
Осы стратегиялық таңдау ауқымды өзгерістерге жол ашып, мемлекетіміздің тұрақты өсіп-өркендеуіне айрықша серпін беретіні анық. Қазіргі таңда барлық салада жасалып жатқан түбегейлі реформалардың мақсаты – бір. Біз Әділетті, Озық және Таза Қазақстанды құрып жатырмыз.
Бәріміз бір ел болып, биік мақсатымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін.
Тирана, 2026 жылғы 18 тамыз – Қазақстанның Албаниядағы Елшілігінде Қазақстан Елшісі Искандер Айсариевтің жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен және сарапшылар қауымдастығымен дөңгелек үстел форматындағы кездесуі өтті.
Кездесуге Албанияның Еуропа және сыртқы істер министрлігінің өкілі мен халықаралық құқық саласындағы албан сарапшысы қатысты.
Дөңгелек үстел Елшіліктегі ақпараттық брифингтің жалғасы ретінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы мен 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауына арналды.
Елші сұхбат барысында қатысушыларға Қазақстандағы саяси жаңғырудың негізгі бағыттарымен және жаңа институционалдық модельге көшудің маңызымен таныстырды. Бір палаталы Құрылтайдың елдің заң шығару билігін жүзеге асыратын жаңа жоғары өкілді органы ретіндегі рөліне ерекше назар аударылды.
Елші Ұлы даланың саяси дәстүрлері, Алтын Орда мұрасы және мемлекет пен қоғам үшін аса маңызды мәселелер талқыланған жиын ретінде Құрылтайдың тарихи маңызы туралы айтып берді. Оған қоса қазіргі Құрылтай мәртебесі, өкілеттіктері және қалыптастыру тәртібі және Қазақстанның жаңа Конституциясында бекітілген толыққанды заң шығарушы орган екенін атап өтті.
Кездесуде қазақ-албан қатынастарының қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларына ерекше назар аударылды. Іс-шараға қатысушылар саяси диалогты одан әрі нығайту, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, көлік байланыстарын, туризмді және мәдени-гуманитарлық қатынастарды дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты.
Сонымен бірге Қазақстан мен Албания арасындағы әуе қатынасын дамыту перспективалары, оның ішінде болашақта тікелей рейс ашу мүмкіндігі талқыланды.
Елші сондай-ақ өзара тиімді инвестициялық жобаларды іздестіру және пысықтау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар, Албанияның түрлі өңірлеріне жасаған сапарлары және жергілікті билік органдарымен байланыстары туралы айтып берді. Оған қоса екіжақты ынтымақтастықты орталық, өңірлік және муниципалдық деңгейлерде дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Сұхбат барысында Қазақстанның ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы халықаралық жетістіктері де сөзге тірек болды.
Дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстанның саяси дамуы, халықаралық күн тәртібі және екіжақты ынтымақтастықтың перспективалары туралы сұрақтар қойып, пікір алмасты.
Кездесу соңында Елші албан сарапшылары мен БАҚ өкілдеріне іс-шараға қызығушылық танытқандары үшін алғыс білдіріп, Елшіліктің ашық әрі мазмұнды диалогты жалғастыруға дайын екенін жеткізді.
Тирана, 2026 жылғы 18 тамыз – Қазақстанның Албаниядағы Елшілігінде жергілікті албан бұқаралық ақпарат құралдары мен сарапшылар қауымдастығының өкілдеріне арналған Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясы және алдағы Құрылтай депутаттарының сайлауы туралы ақпараттық брифинг өтті.
Аталған кездесуге Албанияның Еуропа және сыртқы істер министрлігінің, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен сараптамалық топтардың өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында сөз алған Қазақстан Елшісі Искандер Айсариев қатысушыларға өз ілтипатын білдіріп, елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформаларға және қазақ-албан қатынастарының дамуына қызығушылық танытқандары үшін алғысын жеткізді.
Брифинг барысында Қазақстан Елшілігінің кеңесшісі қатысушыларды 2026 жылғы 15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумда қабылданған және ағымдағы жылғы 1 шілдеде күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының негізгі ережелерімен таныстырды.
Заң шығару билігін жүзеге асыратын елдің жоғары өкілді органы ретінде екі палаталы Парламенттен бір палаталы Құрылтайға көшу мәселесіне ерекше назар аударылды. Қатысушыларға Құрылтайды қалыптастыру тәртібі, оның негізгі өкілеттіктері, саяси партиялардың рөлі, сондай-ақ 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы туралы мәлімет берілді.
Спикер ретінде шақырылған халықаралық құқық саласындағы албан сарапшысы, доктор Редион Люли сөз сөйлеп, Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформалардың саяси және институционалдық маңызына сараптамалық баға берді.
Р. Люли Еуразия кеңістігінде стратегиялық маңызы бар ірі мемлекет саналатын Қазақстанның мемлекеттік институттарды жаңғырту тәжірибесі албан аудиториясы үшін ерекше қызығушылық тудыратынын атап өтті.
Негізгі тақырыппен қатар қатысушыларға Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық әлеуеті мен халықаралық аренадағы рөлі, Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) дамытуға қосқан үлесі, сондай-ақ ядролық қарусыздану мен конфессияаралық диалогты ілгерілету жөніндегі бастамалары туралы ақпарат ұсынылды.
Брифинг соңындағы пікір алмасу барысында қатысушылар жаңа конституциялық өзгерістерді іс жүзінде жүзеге асыру мәселелеріне, Құрылтай қызметі мен сайлау үдерісіне, сондай-ақ Қазақстан мен Албания арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі дамыту перспективаларына ерекше қызығушылық танытты.
Іс-шара Қазақстан Елшілігі мен албан БАҚ өкілдері және сарапшылар қауымдастығы арасындағы тікелей диалогты кеңейтуге ықпал етті.
Тирана, 2026 жылғы 31 шілде – Қазақстанның Албаниядағы Елшісі Искандер Айсариев Албания Республикасының Инфрақұрылым және энергетика министрі Энеа Каракачидің қабылдауында болды.
Тараптар көлік, авиация, инфрақұрылым, энергетика, іскерлік байланыстар және инвестициялар салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.
Сұхбаттастар Қазақстан мен Албания арасында тікелей әуе қатынасын ашу мәселесіне ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда әуе қатынасы туралы үкіметаралық келісім жобасы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс қаралды.
Елші аталған жобаның екіжақты өзара іс-қимылдың алғашқы практикалық нәтижелерінің бірі бола алатынын және елдер арасындағы туристік, экономикалық және гуманитарлық байланыстарды дамытуға қосымша серпін беретінін атап өтті.
Сонымен бірге кездесу барысында іскерлік және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қаралды. Тараптар Қазақстан делегациясының Албанияға жоспарланған сапарлары, оның ішінде екі елдің іскер топтарының қатысуымен бизнес-форум немесе B2B кездесулер өткізу перспективалары бойынша пікір алмасты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар белгіленген бағыттар бойынша жұмыс байланыстарын жалғастыруға және Қазақстан мен Албанияның бейінді ведомстволары мен ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылды қолдауға дайын екенін растады.
Тирана, 2026 жылғы 24 шілде – Қазақстанның Албаниядағы Елшісі Искандер Айсариев Албания Республикасының Еуропа және сыртқы істер министрінің орынбасары Меги Финомен кездесті.
Кездесу барысында тараптар қазақ-албан қатынастарының қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылап, саяси диалогты одан әрі нығайтуға, сауда-экономика және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге, көлік байланысын дамытуға, сондай-ақ екіжақты шарттық-құқықтық базаны жетілдіруге ерекше назар аударды.
Сұхбаттастар алдағы екіжақты байланыстардың күн тәртібін қарастырды. Көзделген сапарларды тиісті уағдаластықтар және бастамалармен, оның ішінде сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы жобалармен мазмұнды түрде толықтырудың маңыздылығы аталып өтті.
Қазақстан мен Албания арасында тікелей әуе қатынасын орнату перспективаларына ерекше назарға алынды. Тараптар осы бағыттағы бірлескен жұмысты жалғастыруға мүдде білдірді.
Сауда-экономикалық қатынастар бойынша екі елдің бейінді мемлекеттік органдары мен іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды одан әрі нығайту, нақты инвестициялық жобаларды ілгерілету, сондай-ақ салалық ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылды жандандыру келісілді.
Сұхбат барысында Елші албан тарапына Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформалардың басты бағыттарын және конституциялық өзгерістер туралы хабардар етті. Мемлекеттің жаңа институционалдық архитектурасы, бір палаталы Парламент – Құрылтайға көшу және алдағы парламенттік сайлауға дайындық жөнінде айтып берді. Жүзеге асырылып жатқан реформалардың мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жаңғыртуға, институттарды нығайтуға және елдің саяси жүйесін дәйекті түрде дамытуға бағыты туралы ақпарат ұсынылды.
Тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер бойынша пікір алмасты.
Кездесу барысында Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасына қатысты мәселелер, соның ішінде Алтын Орда мұрасының Еуразия тарихындағы маңызы да сөз болды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты саяси диалогты жалғастыруға және өзара мүдделі бағыттар бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ортақ мүдделілігін растады.
Елордадағы Президент орталығында 22-26 сәуір күндері «Astana Eurasian Book Fair-2026» IX Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтеді. Бұл – Орталық Азиядағы ең ауқымды мәдени-ағартушылық шаралардың бірі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Astana Eurasian Book Fair-2026» кітап көрме-жәрмеңкесін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Фолиант» баспасы ұйымдастырып отыр.
«Astana Eurasian Book Fair-2026» көрмесіне 80-ге жуық кітап шығару, танымдық-ғылыми білім беру және полиграфиялық компания қатысады. Соның тең жартысы қазақстандық ұйымдар болса, Қазақстан, Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Моңғолия, Испания, Қытай, Иран, Беларусь, Португалия, Венесуэла, Ұлыбритания елдерінен 40 компания қатысқалы отыр.
«Astana Eurasian Book Fair – 2026» кітап көрме-жәрмеңкесі бес күндік мәдени-іскерлік бағдарламадан тұрады. Көрме аясында жаңа кітаптардың тұсаукесерлері, авторлармен кездесу, автограф-сессиялар, балалар алаңында арнайы шеберлік сағаттары өткізіледі.
Атап айтқанда, Түркия Мәдениет және туризм министрлігінің қолдауымен жарық көрген «Түрік асханасы» кітабының, Бекарыс Шойбековтің «Айтыстың алтын айдар Бекарысы» айтыстар жинағының, Маржан Ершудің «Жалғыз қол» поэмасының, «Замандастар» сериясымен шыққан «Елдос Сметов. Төзім. Сенім. Жеңіс» кітабының, Ерлан Қожабаевтың «Қазақ оюлары» фотоальбомының, Анжей Сапковскийдің «Мыстангер» фантастикалық шығармасының, Ұларбек Дәлейдің «Бату хан» тарихи романының, Әлішер Рахаттың «Иесіз көлеңке», испан жазушысы Хавьер Мороның «Үміт сапары», Эрнест Хемингуэйдің «Қоңырау кімді жоқтайды», Әзербайжан ақыны Рәсмия Сабирдің «Өлең-әйел», Байыт Қабанұлының «Моңғол-өлең» кітабының, Нұрсұлтан Мықтыбайдың «Ақ Жайықтың көз жасы», сондай-ақ «Түркістан – мәңгілік әрі әрдайым жаңа» және «Димаш Құдайберген. Шексіз музыка» атты кітап-альбомдарының таныстырылымы өтеді деп жоспарланып отыр.
23 сәуірде Ұлттық кітап күні мерекесіне орай Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған республикалық «Ұлттық кітап» байқауының нәтижесі бойынша жеңімпаз баспаларды марапаттау рәсіміне арналған салтанатты шара өтеді.
Көрменің салтанатты ашылу рәсімі 22 сәуір күні сағат 11:00-де өтеді. Оған мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал қаламгерлер мен шетелдік елшілер қатысады.
Тирана, 2026 жылғы 28 наурыз – Тирана қаласында Қазақстанның Албаниядағы Елшісі Искандер Айсариев Албания Республикасының Еуропа және сыртқы істер министрі Ферит Ходжамен кездесті.
Кездесу барысында сұхбаттастар екіжақты қатынастардың жоғары деңгейін растап, өзара екіжақты ынтымақтастықтың форматы мен халықаралық алаңдарда жоспарлы дамып келе жатқанын атап өтті.
Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестікті кеңейту мәселелерін талқылап, екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды жандандыру және өзара іс-қимылдың институционалдық тетіктерін қалыптастыру қажеттігіне назар аударды. Бірлескен жобаларды іске асыруға және өзара сауда көлемін арттыруға өзара мүдделілігін растады.
Оған қоса транзит және көлік саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылды. Елші И.Айсариев Орта дәліз аясындағы өзара іс-қимылдың жоғары әлеуетін атап өтіп, албан тарапын тиісті бастамаларға белсенді қатысуға шақырды. Орталық Азия мен Балқан өңірі арасындағы орнықты логистикалық тізбектерді қалыптастыру және халықаралық көлік бағыттарын дамыту мүмкіндіктеріне айрықша тоқталды.
Сонымен бірге тараптар шарттық-құқықтық базаны дамыту, білім беру саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін қарастырып, алдағы түрлі деңгейлердегі екіжақты өзара байланыстардың кестесі бойынша пікір алмасты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қазақ-албан серіктестігін одан әрі нығайтуға және барлық негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған іс-жүзіндегі бастамаларды жүзеге асыруға өзара дайын екендерін растады.
Тирана, 2025 жылғы 19-21 қазан – Албания астанасы Тирана қаласының орталығындағы «Шеши Италия» алаңында Қазақстан мәдениеті күндерінің ашылуына арналған мерекелік концерт өтті. Іс-шараны Албаниядағы Қазақстан Елшілігі, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі, Албанияның Мәдениет министрлігі, Тирана қаласының әкімдігі, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұйымы және ҚР Албаниядағы Құрметті консулының қолдауымен ұйымдастырылды.
Мәдени мереке аясында еліміздің «TURAN» этно-фольклорлық ансамблі және Қазақстанның «Ізгі ниет елшісі» мен танымал орындаушы ADAM-ның қатысуымен үлкен ашық аспан астында концерт өтті.
Қазақ даласының бай мәдени мұрасын заман талабына сай музыкалық бағытпен үйлестірген бірегей бағдарламасы жиналған көрермендерге паш етілді. Келген тыңдармандарға Түркі әлемінің мәдени музыкалық бренді ретінде кеңінен танылған «TURAN» тобы, ұлттық аспаптарымен шебер орындауында көшпенділер әлеміне саяхат жасатты.
Іс-шарада «TURAN» ансамблімен қатар қазіргі қазақ эстрадасының жарық жұлдызы ADAM да өз өнерін көрсетті. Оның әлемге танымал және хитке айналған «Жүрек» атты әні цифрлық платформаларда миллиардтаған қаралым жинаған. Қазақстандық әртістердің Тиранадағы концерті жергілікті көрермендердің зор ықыласына ие болып, кештің аса көтеріңкі көңіл-күймен өтуіне серпін берді.
Бұл концерттік кеш ашық форматта өтіп, барлық келген көрермендер үшін тегін болды. Іс-шараға Албания тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ мемлекеттік және мәдени мекемелерінің өкілдері, дипломатиялық корпус пен Қазақстандықтар қатысты.
Оған қоса 20-21 қазанда Қазақстан мәдениеті күндері аясында Тирананың «Agimi» арт-орталығында қазақ фильмдердің көрсетілімімен жалғасты. Бағдарламаға «Қазақфильм» киностудиясының үш көркем фильмі енді: режиссер Ақан Сатаевтың «Мың бала: Даланың жауынгерлері» тарихи драмасы, Рашид Сүлейменовтің «Набат операциясы» драмалық экшн-фильмі және қазақ халқының ән өнерін әлемге танытқан Әміре Қашаубаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Әміре» биографиялық драмасы.
Әсіресе «Набат операциясы» фильмі көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды. Көрсетілімнен кейін басты рөлді ойнаған актер Бақыт Хаджибаев келген қонақтармен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді және албан БАҚ өкілдеріне сұхбат берді. Бұл ашық диалог албан жұртшылығының қазақ киносы мен мәдениетіне деген шынайы қызығушылығын көрсетті.
Албаниядағы Қазақстан мәдениеті күндері екіжақты гуманитарлық байланыстарды дамыту жолындағы маңызды қадам болды. Іс-шара халықтар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға және мәдени алмасуға жол ашты.
Тирана, 2025 жылғы 21 қазан – Албания астанасында Қазақстан Елшілігінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Қазақстанның Албаниядағы Елшісі Искандер Айсариев, Албанияның Еуропа және сыртқы істер жөніндегі министрінің орынбасары Меги Фино, Тирана қаласының әкімі, Қазақстанның Құрметті консулы, сондай-ақ Албания үкіметі мен Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, дипломатиялық корпус, бизнес топтар, БАҚ өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты. Дәстүрлі түрде символикалық лентаның қиылу сәті, Қазақстан мен Албания арасындағы екіжақты қатынастардың жаңа кезеңінің басталуын жарқын көрінісі болды.
Өз сөзінде И.Айсариев Елшіліктің ашылуы тарихи маңыздылығын атап өтіп, бұл қадам екі мемлекет арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдеуіне жол ашатынын жеткізді. Ол аса жоғары және жоғары деңгейдегі тұрақты саяси диалогтың жолға қойылғанын, парламенттер мен үкіметтер арасындағы байланыстардың белсенді дамып жатқанын, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық алмасулардың біртіндеп кеңейіп жатқанын атап өтті.
Албания Сыртқы істер министрінің орынбасары Меги Фино Тирана қаласында ҚР Елшілігін ашу туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімін жоғары бағалап, бұл қадамды өзара сенім мен ортақ құндылықтарға негізделген серіктестікті нығайтуға деген ұмтылыстың дәлелі екенін айтты. Сонымен бірге ол елдеріміз арасындағы саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға деген өзара қызығушылық, сондай-ақ халықаралық аренада өзара қолдау бар екенін айтты.