Эфиопияның «Өркендеу» партиясының екінші Съезіне Қазақстан делегациясы қатысты

Эфиопияның «Өркендеу» партиясының екінші Съезіне Қазақстан делегациясы қатысты

Аддис-Абеба, 2025 жылғы 31 қаңтар – Эфиопияның Премьер-министрі Абий Ахмед басқаратын «Өркендеу» партиясының басшылығының шақыруымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Аманат» партиясының өкілі Самат Нұртаза «Өркендеу» партиясының «Уәделерден іске көшу» ұранымен өткен екінші съезіне қатысты.

Съез жұмысына Эфиопия үкіметі мен парламентінің мүшелері, оппозициялық партиялардың өкілдері, сондай-ақ Алжир, Джибути, Зимбабве, Кения, Куба, Марокко, Нигерия, Ресей, Руанда, Танзания, Түрікменстан, Түркия, Оңтүстік Судан және Оңтүстік Африка Республикасы сынды елдердің партия жетекшілері мен өкілдері қатысты.

Өз сөзінде партия төрағасы, Эфиопия Премьер-министрі А.Ахмед екінші съездің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының болашақ стратегиясын қалыптастыру, демократия қағидаттарын қамтамасыз ету және әртүрлі діни және этникалық топтардың бейбіт қатар өмір сүруін нығайтудағы маңыздылығын атап өтті. Ол әсіресе «Жасыл мұра» сияқты табысты бастамаларды тұрақты мәдени тәжірибеге айналдыру қажеттілігіне ерекше назар аударды.

С.Нұртаза өз сөзінде «Аманат» партиясының атынан Эфиопия басшылығының экономиканы одан әрі дамыту және өңірлік тұрақтылықты нығайту жөніндегі күш-жігерін қолдайтынын білдіріп, партияаралық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілік танытты. Ол Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және экономикалық реформалармен, сондай-ақ ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысының қорытындылары бойынша қойылған жаңа міндеттермен таныстырды.

Сапар аясында қазақстандық депутат Халық өкілдері палатасының Халықаралық қатынастар және бейбітшілік мәселелері жөніндегі Тұрақты комиссиясының төрағасы Дима Ного мырзамен және Қазақстан-Эфиопия парламентаралық достық тобының төрайымы Бетелхем Лакеу ханыммен кездесті.

Кездесу барысында тараптар парламентаралық диалогты дамытуға, екіжақты саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың шарттық-құқықтық базасын кеңейтуге жәрдемдесу мәселелеріне терең қызығушылық білдірді.

Анықтама: «Өркендеу» партиясы 2019 жылы Эфиопияның қазіргі Премьер-министрі А.Ахмедтің бастамасымен құрылған және елдің ішкі және сыртқы саясатын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Партия сьезді Эфиопияның алдағы кезеңдегі дамуындағы басым бағыттар бойынша шешімдер қабылдайды.