
Аддис-Абеба, 2025 жылғы 14 қаңтар – Федералдық Демократиялық Эфиопия Республикасындағы Қазақстан Республикасының Елшілігінде Елшілік ұжымы мен Қырғыз Республикасының Президентінің Арнайы өкілі, Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Асеин Исаев бастаған қырғыз делегациясының кездесуі өтті.
Қырғыз делегациясының Аддис-Абебаға сапарының мақсаты – Қырғыз Республикасының 2026–2027 жылдарға арналған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын ілгерілету және африкалық елдермен ынтымақтастықты нығайту болды.
Кездесу барысында көпжақты дипломатия саласындағы ынтымақтастықтың келешегі, саяси диалогты нығайту, сондай-ақ африкалық елдермен экономикалық және гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды. Қазақстандық тарап Қырғыз Республикасының делегациясына 2017–2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне үгіт-насихат жүргізу тәжірибесімен және Африка елдерімен өзара іс-қимылдың кейбір аспектілерімен бөлісті.