
Аддис-Абеба, 2025 жылғы 10 қаңтар – Қазақстан Республикасының Эфиопиядағы Елшілігі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, «QazBioPharm» Ұлттық холдингі» АҚ және Африка Одағының Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (AU CDC) өкілдерінің қатысуымен онлайн кездесу ұйымдастырды. Іс-шараға Қазақстанның Эфиопия мен Кениядағы (қоса атқарушы) Елшісі, Африка Одағы жанындағы Тұрақты Өкілі Б.Cадыков, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы С.Бейсенова, «QazBioPharm» Ұлттық холдингі» АҚ Бас директоры Е.Абдурайымов, AU CDC сыртқы байланыстар және стратегиялық әріптестік жөніндегі директоры К.Шилумани және AU CDC әріптестік пен халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы М.Юсиф қатысты.
Тараптар санитарлық-эпидемиологиялық бақылау және аурулардың алдын алу, ғылыми зерттеулер мен инфекциялық аурулардың таралуын болдырмауға бағытталған технологиялармен алмасу саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Әңгімелесушілер жаһандық сын-қатерлерді шешу және эпидемияларға дайындықты нығайту үшін күш-жігерді біріктірудің маңыздылығын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша ақпарат алмасу, сарапшылардың өзара сапарларын ұйымдастыру және бірлескен зерттеулер мен бағдарламаларды жүзеге асыруға бағытталған ынтымақтастық туралы өзара түсіністік меморандумын әзірлеу туралы келісімге қол жеткізілді. Бұл диалог жаһандық денсаулық сақтау қауіп-қатерлеріне жедел ден қою тетіктерін құруға бағытталған серіктестікті нығайту жолындағы маңызды қадам болды.
Анықтама: Африка Одағының Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы (Africa CDC) – Африка Одағының денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға, соның ішінде ауруларды анықтау, алдын алу және оларға ден қою қабілетін арттыруға арналған құрлықтық автономды денсаулық сақтау агенттігі. Africa CDC Африка Одағына мүше елдерге қоғамдық денсаулық сақтау жүйесіндегі олқылықтарды жоюға бағытталған үйлестірілген және интеграцияланған шешімдерді әзірлеуге көмектеседі. Орталық 2016 жылдың қаңтар айында Мемлекет және үкімет басшыларының 26-шы кезекті ассамблеясында құрылып, 2017 жылғы қаңтарда ресми түрде іске қосылды.