Қазақстан Елшісі Эфиопиямен кофе және шай саудасын талқылады

Қазақстан Елшісі Эфиопиямен кофе және шай саудасын талқылады

Аддис-Абеба, 2024 жылғы 31 желтоқсан  – Қазақстанның Эфиопия мен Кениядағы (қоса атқарушы) Елшісі, Қазақстан Республикасының Африка Одағындағы Тұрақты өкілі және Найробидегі БҰҰ Кеңсесіндегі өкілі Барлыбай Садықов Эфиопияның Кофе және шай басқармасының Бас директоры доктор Адунья Дебеламен кездесу өткізді.

Тараптар эфиопиялық кофе мен шайды Қазақстанға экспорттау перспективаларын және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Елші Б.Садықов Орталық Азия елдерінде эфиопиялық кофе мен шайға сұраныстың жоғары екенін атап өтті және Қазақстан өз кезегінде Эфиопияға минералдық ресурстарды, металдарды, мұнай өнімдерін, сондай-ақ IT саласындағы шешімдерді қоса алғанда, заманауи технологияларды экспорттауды ұсынуға дайын екенін жеткізді.

А.Дебела Эфиопияның кофе мен шай өндірісін арттырып, Азияны қоса алғанда, жаңа нарықтарға шығуды көздеп отырғанын айтты. Ол Қазақстанның ұсыныстарының өзектілігін атап өтіп, ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді.

Тараптар Қазақстанда кофе хабын және Эфиопияда шай өңдеу зауытын құру мүмкіндігін қарастыруға, сондай-ақ Кофе және шай басқармасының Қазақстанға жұмыс сапарын ұйымдастыруға келісті.