
Найроби, 2024 жылғы 12 желтоқсан – 2024 жылғы 12 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Эфиопия мен Кениядағы (қоса атқарушы) Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Африка Одағы жанындағы Тұрақты Өкілі және БҰҰ-ның Найробидегі кеңсесіндегі өкілі Барлыбай Садыков Кения Республикасы Президентінің Кеңсесі Протокол Басшысы мырза Генри Оума Вамбуа, Еуропа және Достастық департаментінің директоры ханым Диана Киамбучи және Кения СІМ-нің құқықтық мәселелер департаментінің директоры ханым Элизабет Чагемен екіжақты кездесулер өткізді.
Кездесуде тараптар екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту жоспарларын талқылады. Әсіресе, 2023 жылғы 20 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында Нью-Йоркте мемлекет басшыларының кездесуінде қол жеткізілген келісімдерді іске асыру және 2024 жылғы наурызда Қазақстан Президентінің халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшісі Е. Қазыхан бастаған қазақстандық делегацияның Найробиге сапарының нәтижелері ерекше назарға алынды.
Сонымен қатар тараптар 2025 жылы жоғары және ең жоғары деңгейде өтетін екіжақты сапарларға дайындықты, 2 қыркүйекте Астанада өткен саяси консультациялардың бірінші раундының қорытындыларын жүзеге асыруды, екіжақты шарттық-құқықтық базаны қалыптастыруды және халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады.
Кездесу нәтижесінде тараптар өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға келісті және сауда мен инвестициялар, көлік, ақпараттық технологиялар және туризм салаларындағы төрт сараптамалық топтың қызметін қоса алғанда, ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі одан әрі бірлескен шараларды белгіледі.
Сондай-ақ, сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мақсатында Елші Б. Садыков Кенияның Ұлттық сауда-өнеркәсіп палатасының басшысы мырза Ахмед Фарахпен кездесті. А.Фарах Кенияның Ұлттық сауда-өнеркәсіп палатасы Қазақстан Республикасымен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастыққа қызығушылық танытатынын атап өтіп, 2025 жылы Кенияның сауда-өнеркәсіп палатасының бизнес делегациясын Қазақстанға жіберуді, тауарлар мен қызметтердің экспортын және импортын арттыру мәселелерін талқылауды, бизнес форум өткізуді және екі елдің сауда палаталары арасындағы өзара түсіністік туралы жаңартылған меморандумға қол қоюды ұсынды.