
Аддис-Абеба, 2024 жылғы 29 қазан – Қазақстанның Эфиопиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Африка Одағындағы ҚР Тұрақты өкілі Барлыбай Садықов Эфиопия Сыртқы істер министрлігінің Орталық шығыс, Азия және Океания мәселелері жөніндегі жаңа тағайындалған Бас директоры, елші Кассау Негус және Халықаралық ұйымдар департаментінің директоры Семунегус Хайлегиоргиспен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Эфиопия арасындағы екіжақты қатынастардың жай-күйі мен болашағын талқылап, сауда-экономикалық байланыстарды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды. Қазақстан мен Эфиопияның Сыртқы істер министрліктерінің вице-министрлері деңгейіндегі саяси консультациялар қорытындысы бойынша қабылданған 2024-2025 жж. арналған Қазақстан мен Эфиопияның ынтымақтастық жол картасының пункттерін іс жүзінде жүзеге асыру қажеттілігі атап өтілді. Аталған құжат екі жақты саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және халықаралық ынтымақтастықтың басым бағыттарын анықтайды.
Сұхбат барысында Қазақстан Республикасының Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін және Алматыдағы Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттары бойынша аймақтық орталығын құру туралы халықаралық бастамаларына ерекше көңіл бөлінді.
Тараптар сондай-ақ екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың тиімді механизмі ретінде парламенттік достастық топтарының өзара әрекеттесу мәселелерін талқылады.
Тараптар халықаралық аренада бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған бірлескен бастамаларды қолдауға және негізгі халықаралық алаңдарда белсенді әрекет етуге дайын екендіктерін білдірді.