
Найроби, 21 тамыз 2024 ж. - Президенттің Кеңесшісі – Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі Арнайы өкілі Зульфия Сүлейменова бастаған қазақстандық делегация энергетикалық ауысу үшін маңызды минералдар жөніндегі топтың (United Nations Secretary General’s Panel on Critical Energy Transition Minerals) 3-ші отырысына қатысты.
Іс-шараға 25 елден келген делегаттар, сондай-ақ халықаралық және өңірлік, ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері, сарапшылар қатысты.
Энергетикалық ауысудың маңызды минералдары бойынша топ 2024 жылдың сәуір айында БҰҰ Бас хатшысы тарапынан құрылды және үкіметтерді, үкіметаралық және халықаралық ұйымдарды, өнеркәсіп пен азаматтық қоғамды біріктіреді.
Топтың отырыстарының қорытындысы бойынша, БҰҰ Бас хатшысына 2024 жылдың қыркүйек айында Нью-Йоркте өтетін «Болашақ саммитінің» қорытынды құжатына енгізу үшін ұсыныстар әзірленді.
Сондай-ақ, З.Сүлейменованың БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасының (ЮНЕП) атқарушы директоры Ингер Андерсенмен және БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-Хабитат бағдарламасының атқарушы директоры Анаклаудиа Россбахпен кездесуі өтті.
ЮНЕП атқарушы директоры И.Андерсен Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың 2026 жылы Өңірлік климат саммитін өткізу туралы бастамасын қолдап, ЮНЕП-тің оны дайындауға белсенді қатысатынына сендірді. Ол Қазақстанмен ынтымақтастықтың зор әлеуетін және БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасының біздің аймақтағы қатысуын күшейтуге қызығушылық білдірді.
БҰҰ-Хабитат бағдарламасының атқарушы директоры Анаклаудиа Россбах Қазақстанмен ынтымақтастықтың маңыздылығын, оның ішінде 2024 жылдың 23-27 қыркүйегінде Алматыда «Батыс Балкан, Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдерінде тұрақты қалалық мобильділікті нығайту жобасы» тақырыбында Өңірлік іс-шара өткізуді атап өтті. Ол Қазақстанмен ынтымақтастықты, құрылыс жобаларын іске асыру, Қазақстанның халықаралық және өңірлік іс-шараларға, соның ішінде 2024 жылдың қараша айында Каирде өтетін Дүниежүзілік қалалық форумға қатысуын белсендіру мәселелеріне қызығушылық білдірді.