Қазақстан делегациясы Орман өсіру және ормандарды қалпына келтіру жөніндегі халықаралық форумға қатысты

Қазақстан делегациясы Орман өсіру және ормандарды қалпына келтіру жөніндегі халықаралық форумға қатысты

Браззавиль, 2024 жылғы 5 шілде – Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Зүлфия Сүлейменова бастаған Қазақстан делегациясы Конго Үкіметі Африка одағының комиссиясымен, БҰҰ Орман форумымен және Африкалық орман форумымен бірлесіп ұйымдастырған Орман өсіру және ормандарды қалпына келтіру жөніндегі алғашқы халықаралық конференциясына (CIAR-1) қатысты.

Конференцияға 2 мыңнан астам делегат, оның ішінде мемлекет және үкімет басшылары, өңірлік пен субөңірлік саяси және экономикалық ұйымдар, әлемдік ғылыми қоғамдастық, орман, климат және биоалуантүрлілік жөніндегі халықаралық ұйымдар, халықаралық және африкалық үкіметтік емес ұйымдар, азаматтық қоғам және жеке сектор келді.

Қатысушылар климаттық күн тәртібінің ажырамас бөлігі ретінде әлемдегі орман өсіру және ормандарды қалпына келтіру мәселелерін талқылады, сондай-ақ ормандарды тұрақты басқарудың халықаралық табысты тәжірибесімен бөлісті.

Қазақстан өкілі жоғары деңгейдегі сегментте сөз сөйледі. З.Сүлейменова еліміздің ормандарды өсіру және сақтау мәселелеріндегі тәжірибесімен бөлісіп, тозған жерлерді қалпына келтірудегі және биоәртүрлілікті сақтаудағы басымдықтар туралы баяндады.

ҚР Президентінің арнайы өкілінің айтуынша, Қазақстанда тұрақты даму үшін биоәртүрлілік пен экожүйені сақтаудың маңыздылығын жақсы біледі. Елімізде ормандардың үлесі 3%-дан 5%-ға дейін өсті, ал қорғалатын табиғи аумақтардың үлесі ел аумағынан 11%-ға дейін өсті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2027 жылға дейін Қазақстанда 2 млрд. ағаш отырғызу жоспарлануда. 2021 жылдан 2023 жылға дейін 843 млн. ағаш отырғызылды. Тозған жерлерді қалпына келтіру бойынша үлкен жұмыстар жүргізілуде. Арал теңізінің құрғаған түбінде жалпы ауданы 1,1 млн. га сексеуіл екпелері егінуде. Елді мекендер аумағында 15 млн ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілуде.

З.Сүлейменова Қазақстанда орман өсіру бойынша барлық іс-шаралар ғылыми ұсынымдар мен экологиялық талаптарға сәйкес жүргізіліп жатқанына назар аударды. «Аталған жұмыстарды талдау және бақылау жөніндегі республикалық штаб құрылды. Ағаш отырғызуды қоғамдық бақылау интерактивті карта арқылы жүзеге асырылуда», - деді ол.

Конференция төрағасы, Конго президенті Дени Сассу-Нгессо халықаралық қауымдастықты планетадағы климаттың өзгеруімен күресу үшін биоәртүрлілік пен орман алқаптарын сақтау мақсатында орман жамылғысын экономикалық пайдаланудан бас тартуға мәжбүр болған елдердің орман өсіру, ормандарды қалпына келтіру және тұрақты экономикалық дамуына қатысты мәселелерін шешу үшін күш біріктіруге шақырды.

Жалпы, сарапшылар бүкіл әлем бойынша ормандарды басқарусыз кесу климатқа, планетаға және адам денсаулығына апатты әсер етіп, 2030-жылға дейінгі тұрақты даму күн тәртібіне жетуге кедергі келтіретінін атап өтті. Конференция қорытындысы бойынша Декларация қабылданды, онда БҰҰ Бас Ассамблеясына осы мәселені талқылауды Нью-Йорктегі алдағы сессияның күн тәртібіне енгізу туралы өтінім жасалынды.

Конференцияның негізгі нәтижесі климаттың өзгеруіне табиғи жауап ретінде ормандардың рөлі, оларды сақтау, тұрақты басқару, сондай-ақ орман жамылғысын ұлғайту маңыздылығын көрсететін орман шаруашылығы және ормандарды қалпына келтіру жөніндегі Жаһандық Стратегиясын қабылдау болды. Стратегия қаржы ресурстарын жұмылдыруды арттыруға, Африка мен әлемдегі орман өсіру және ормандарды қалпына келтіру мақсаттарын қолдау үшін ғылым, технология және инновацияның жетістіктеріне қол жеткізуді жеңілдетуге бағытталған.

Конференция аясында З.Сүлейменованың Конго Республикасының президенті Дени Сассо-Нгессомен, Конго Республикасы Президентінің арнайы өкілі Франсуаза Жолимен, Конго Республикасының Орман шаруашылығы министрі Розали Матондомен, сондай-ақ Қоршаған орта, тұрақты даму және Конго бассейнінің министрі Арлетт Судан-Нономен екіжақты кездесулері өтті. Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын Қазақстан мен Конго арасындағы халықаралық аренадағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.

 

Анықтама: Конго Республикасы, әлемдегі ормандарды кесудің ең төменгі көрсеткіштерінің біріне – небәрі 0,06%-ға ие болуда және адамзатты климаттың өзгеруінің жойқын әсерінен қорғау үшін ормандарды қалай сақтауға болатынын жақсы көрсетуде. Ормандарды кесу мәселелерін шешу үшін Конго жаһандық күш-жігерді жұмылдыруға үлес қосуда. 2023 жылғы 28 қазанда Браззавильде Амазония, Борнео Меконг және Конго: планетаның үш тропикалық орман бассейнінің екінші саммиті өтті. 2023 жылы Конго президенті Денис Сассу-Нгессоның бастамасымен Африка одағы орман өсірудің Халықаралық онжылдығын жариялау туралы ұсыныс жасады.