Конгода Орман өсіру және орманды қалпына келтіру бойынша алғашқы халықаралық конференция ашылды

Конгода Орман өсіру және орманды қалпына келтіру бойынша алғашқы халықаралық конференция ашылды

Браззавиль, 2024 жылғы 2 шілде – Конго Үкіметі Африка одағының комиссиясымен, БҰҰ Орман форумымен және Африкалық орман форумымен бірлесіп Конго Республикасының астанасында ұйымдастырған Орман өсіру және ормандарды қалпына келтіру жөніндегі алғашқы халықаралық конференцияның (CIAR-1) ашылуы өтті.

Конго Президентінің шақыруы бойынша конференцияға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Зүлфия Сүлейменова бастаған қазақстандық делегация қатысуда.

Сапар барысында З.Сүлейменованың Конго Республикасы Президентінің стратегия және халықаралық келіссөздер жөніндегі жеке өкілі Франсуаза Жолимен екіжақты кездесуі өтті. Кездесуде Конго Республикасы Президентінің Қазақстанға алдағы сапары, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары талқыланды.

Жалпы Конгодағы конференциясына 2 мыңға жуық делегат келді, оның ішінде: мемлекеттердің өкілдері (мемлекет немесе үкімет басшылары, министрлер және т.б.), өңірлік және субөңірлік саяси және экономикалық ұйымдар, әлемдік ғылыми қоғамдастық, қаржылық серіктестер мен донорлар, орман, климат және биоалуантүрлілік жөніндегі халықаралық ұйымдар, халықаралық және африкалық ҮЕҰ, азаматтық қоғам ұйымдары, жергілікті қауымдастықтар, және жеке сектор қатысуда.

Конференция бағдарламасы шеңберінде ү.ж. 2-5 шілде аралығында орман өсіру мен орманды қалпына келтірудің қазіргі проблемаларын, климаттық төтенше жағдайды, ормандардың адам өміріндегі рөлін, орман өсіру мен орманды қалпына келтіру проблемаларын ғылыми шешуді, жобалар мен ұлттық бағдарламаларды қаржыландыруды, сондай-ақ ауқымды орман және агроорман-мелиорациялық плантацияларды дамытуға жеке инвестицияларды тартуды талқылау үшін халықаралық деңгейде 8 пленарлық отырыс өткізу жоспарланған.

CIAR-1 бірінші конференциясының қорытындысы бойынша Саяси Декларацияны және Орман өсіру мен орманды қалпына келтіру жөніндегі Жаһандық стратегияны қабылдау, сондай-ақ бұл мәселені осы жылдың күзінде БҰҰ Бас Ассамблеясының Нью-Йорктегі алдағы сессиясының күн тәртібіне енгізу туралы шешім қабылдау жоспарлануда.

Анықтама: Африкада жер шарының екінші жасыл өкпесі болып саналатын – Конго бассейнінің ұлы тропикалық ормандары бар. Көлемі жағынан әлемдегі екінші ең ірі Конго бассейнінің ормандарына тек климаттық проблемалар емес, сондай-ақ өнеркәсіптік жою салдарынан да деградация қауіпі төндірілуде.

Конго Республикасы, әлемдегі ормандарды кесудің ең төменгі көрсеткіштерінің біріне – небәрі 0,06%-ға ие болуда және адамзатты климаттың өзгеруінің жойқын әсерінен қорғау үшін ормандарды қалай сақтауға болатынын жақсы көрсетуде.

Ормандарды кесу мәселелерін шешу үшін Конго жаһандық күш-жігерді жұмылдыруға үлес қосуда. 2023 жылғы 28 қазанда Браззавильде Амазония, Борнео Меконг және Конго: планетаның үш тропикалық орман бассейнінің екінші саммиті өтті. 2023 жылы Конго президенті Денис Сассу-Нгессоның бастамасымен Африка одағы орман өсірудің Халықаралық онжылдығын жариялау туралы ұсыныс жасады.

Бірінші Халықаралық орман шаруашылығы конференциясының мақсаты атмосферадағы көміртекті азайту, тіршілік ету ортасы мен биоәртүрлілікті сақтау және ормандар ұсынатын тауарлар мен қызметтерді өндіруді қолдау мақсатында әлемдегі орман алқаптарын ұлғайтуға бағытталған жаһандық стратегияны анықтау болып табылады.

Бұл мәселе Қазақстан үшін де өзекті. Бүгінгі таңда Қазақстандағы ормандардың үлесі 3%-дан 5%-ға дейін өсті, ал қорғалатын табиғи аумақтардың үлесі ел аумағының 11%-на дейін өсті. ҚР Үкіметі Президент Қ.Тоқаевтың Қазақстанда 2027 жылға дейін 2 млрд. ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын іске асырумен айналысуда.