Қазақстан мен Эфиопия екіжақты ынтымақтастықты белсенді дамытуға ниетті

Қазақстан мен Эфиопия екіжақты ынтымақтастықты белсенді дамытуға ниетті

Аддис-Абеба, 2024 жылғы 28 наурыз – Қазақстан мен Эфиопия екіжақты парламентаралық ынтымақтастықты арттыруды жоспарлауда. Бұл туралы Қазақстанның Эфиопиядағы Елшісі, ҚР-дың Африка Одағы жанындағы Тұрақты Өкілі Барлыбай Садықовтың Эфиопия Парламентінің Халық Өкілдері Палатасының депутаттары Адами ресурстар және технологиялар мәселелері жөніндегі тұрақты комитет төрағасының орынбасары доктор Бетелхем Лакеу Сисай және Урбанизация, инфрақұрылым мен көлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комитет төрағасының орынбасары доктор Ешету Темесгенмен кездесуде айтылды.

Кездесу барысында тараптар парламентаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылауға ерекше назар аударды. Тараптар саяси, сауда-экономикалық бағыттардағы қазақстандық-эфиопиялық ынтымақтастықтың қол жеткізілген деңгейін жоғары бағалады және Астанамен өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға қызығушылық білдірді.

Қазақстан мен Эфиопия арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты арттыру мүмкіндіктері де кездесудің күн тәртібінде болды. Парламентшілер Эфиопия тарапының металлургия өнеркәсібі, құрылыс материалдары, мұнай химиясы, тыңайтқыштар мен азық-түлік өнімдерін өндіру және Эфиопияға жеткізу саласындағы бірлескен кәсіпорындарды ашу перспективаларын талқылау үшін Қазақстанның ірі бизнесмендерімен кездесуге мүдделілігі туралы мәлімдеді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты саяси диалогты белсенді түрде көтермелеуге және сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға келісті.