
Найроби, 2024 жылғы 7 наурыз – Тұрақты резиденциясы Аддис-Абебада орналасқан Қазақстанның Кениядағы Елшісі, БҰҰ-ның Найробидегі кеңсесі жанындағы ҚР Тұрақты өкілі Барлыбай Садықов Кенияның сыртқы және диаспоралық істер министрлігінің Бас хатшысы А. Корир Сингоемен кездесу өткізді.
Сұхбат барысында тараптар саяси және сауда-экономикалық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын, сондай-ақ жоғарғы мен жоғары деңгейдегі екіжақты кездесулер мен сапарларды ұйымдастыру мәселелерін талқылады
Кездесу нәтижесінде тараптар Қазақстан Сыртқы істер министрлігі мен Кенияның Сыртқы және диаспоралық істер министрлігі арасында өзара түсіністік және саяси, дипломатиялық консультациялар өткізу туралы Меморандумға қол қойды. Меморандум Қазақстан-Кения қатынастарының жай-күйін талқылау, екіжақты ынтымақтастықты нығайту жөніндегі шаралар туралы ұсыныстар әзірлеу және келісімдерге қол жеткізу, өзара қызығушылық тудыратын өңірлік және халықаралық істер бойынша пікір алмасу мақсатында екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасында дипломатиялық консультациялар өткізудің басшылық қағидаттарын қамтиды. Меморандумда өзара қызығушылық тудыратын жекелеген мәселелерді егжей-тегжейлі талқылау үшін жұмыс топтарын құру мүмкіндігі көзделген.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықты жандандыруға, көпжақты өзара іс-қимыл әлеуетін ашуға, сондай-ақ экономиканың перспективалы салаларын дамыту бойынша тәжірибе алмасуға үлкен қызығушылық танытты.
Анықтама: Кениямен дипломатиялық қатынастар 1993 жылы 15 қарашада дорнатылды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Кения Африканың 54 елінен ҚР-дың алтыншы сауда серіктесі, ал Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдері арасында Қазақстанның екінші сауда серіктесі болып табылады.