
20 ақпан 2024 ж., Аддис-Абеба – Қазақстанның Эфиопиядағы Елшісі, Африка Одағы жанындағы Тұрақты Өкілі Барлыбай Садықов бастаған Қазақстан делегациясы 2024 ж. 17-18 ақпанда Эфиопияда өткен Африка Одағы (АО) ұйымына мүше елдердің басшыларының жыл сайынғы 37-ші саммитіне қатысты.
Саммитке 40-тан астам мемлекеттер мен үкіметтердің басшылары, мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері, халықаралық ұйымдардың басшылары – БҰҰ, БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасы, Араб Мемлекеттерінің Лигасы, Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы, Халықаралық Көші-қон ұйымы және Африка Одағына бақылаушы мемлекеттердің жоғары лауазымды өкілдері қатысты.
Саммиттің күн тәртібіндегі негізгі мәселелер қатарында қауіпсіздікке қатердің төнуі, жанжалдарды шешу, гуманитарлық дағдарыстарды шешу, аймақтық интеграцияны нығайту, білім беру, Африканың 2063 жылға дейінгі континенттік даму күн тәртібін жүзеге асыру және т.б. мәселелер болды.
АО Комиссиясының төрағасы М.Ф.Махамат өз сөзінде Африка құрлығының негізгі проблемаларына, соның ішінде қақтығыстар, трансұлттық сын-қатерлер мен қауіп-қатерлер, саяси және институционалдық тұрақсыздық, климаттың өзгеруі, экономиканы басқарудағы кемшіліктер, кедейшілік пен әлеуметтік теңсіздікке тоқталды. Ол сондай-ақ Палестина халқына қолдау білдіріп, Палестинадағы жағдайды халықаралық құқық, халықаралық гуманитарлық құқық және адам құқықтарын бұзу деп атады.
Африка мүйізіндегі жағдайға қатысты М.Ф.Махамат аймақ елдерін өңірдегі барлық елдердің егемендігін, аумақтық тұтастығын, қауіпсіздігі мен іргелі мүдделерін толық құрметтеуге шақырды.
Саммит барысында Африканың құрлықтық еркін сауда аймағын (AfCFTA) жүзеге асыру шеңберінде елдердің экономикалық интеграция саласындағы жетістіктері атап өтілді.
Саммитте білімге қолжетімділікті кеңейту, сауатсыздықты жою, білім мен ғылымға инвестиция тарту, Африкаға арналған құрлықтық континенттік білім беру стратегиясын жүзеге асыру мақсатында (CESA) халықты қажетті біліммен, құзыреттілікпен, дағдылармен және инновациялармен даярлау үшін білім беру жүйесін қайта бағдарлау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Саммит қорытындысы бойынша бірқатар құжаттар қабылданды. АО-ның төрағалығы Комор аралдарынан Мавританияға еліне өтті. 2024 жыл Африкада «Білім жылы» болып жарияланды.
Саммит аясында Қазақстан Республикасының Елшісі БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының Атқарушы директоры И.Андерсенмен кездесу өткізіп, Қазақстан делегациясының Найробидегі БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі 6-шы Ассамблеясына ү.ж. 26 ақпаннан 1 наурызға дейінгі аралығында қатысуын талқылады.
Анықтама үшін: Қазақстан 2013 жылдың қарашасынан бастап Африка Одағында бақылаушы мемлекет болып табылады.