Қазақстан мен БҰҰ қоршаған ортаны қорғау саласында тығыз ынтымақтастыққа дайын

Қазақстан мен БҰҰ қоршаған ортаны қорғау саласында тығыз ынтымақтастыққа дайын

Аддис-Абеба, 2023 жылғы 14 желтоқсан – Қазақстанның Эфиопия және Кениядағы (қоса атқарушы) Елшісі, БҰҰ-ның Найробидегі Офисі жанындағы Тұрақты өкілі Барлыбай Садықов БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының (ЮНЕП) директоры Ингер Андерсенмен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен БҰҰ-ның қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастығының жай-күйі мен перспективаларын талқылады.

Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі И.Андерсенді Дубайда COP-28 нәтижелі өткенін, жаһандық климаттық құжаттың қабылдануымен құттықтады. Оның айтуынша, Қазақстан БҰҰ-мен қоршаған ортаны қорғау, климат және экология саласындағы ынтымақтастыққа зор мән береді. Біздің еліміз барлық ірі халықаралық келісімдерге қосылған.

- Қазақстан Париж келісімін ратификациялаған және 2060 жылға арналған Көміртекті бейтараптық стратегиясын қабылдаған өңірдегі ең алғашқы мемлекет. Қазақстанның жаңа Экологиялық кодексі біздің экономикамыздағы «жасыл» технологиялардың кешенді бейімделуінің негізі болып табылады», - деп атап өтті Елші.

И.Андерсен өз кезегінде Қазақстанның экология және климат саласындағы белсенді халықаралық ұстанымын, COP-28-дегі Орталық Азия павильонының жоғары ұйымдастырылуын атап өтті.  БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Қазақстанның 2060 жылға дейінгі Көміртекті бейтараптық стратегиясы мен Париж келісіміне қосылу шеңберінде қабылданған міндеттемелерді орындауға бейілділігін, сондай-ақ еліміздің СОР-28-ге қатысу аясында Метан шығарындыларын азайту жөніндегі жаһандық кепілдемеге, G7 климаттық клубына және басқа да көпжақты тетіктерге қосылуын ерекше байқады.

Тараптар 2026 жылы БҰҰ қамқорлығымен Орталық Азияның өңірлік климаттық саммитін өткізу жөніндегі Қазақстанның бастамасын, 2024 жылғы ақпанда Найробиде өтетін БҰҰ-ның қоршаған орта жөніндегі 6-шы Бас Ассамблеясына қазақстандық делегацияның қатысуы, 2024 жылғы маусымда Астана халықаралық форумына ЮНЕП-тің қатысу мүмкіндігі, сондай-ақ БҰҰ-ның Алматыдағы Өкілдігін БҰҰ-ның Орталық Азия және Ауғанстан елдері үшін тұрақты даму жөніндегі өңірлік хабына қайта ұйымдастыру туралы мәселелерді талқылады.

Қазақстандық дипломат ЮНЕП-тің Алматыдағы өңірлік өкілдігіне елдің қоршаған ортаны қорғау, табиғат және экология саласындағы әлеуетін нығайтуға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар барлық көтерілген мәселелер бойынша ынтымақтастықты жандандыруға мүдделілік танытты.