Эфиопияда Қазақстанның мәдени мұрасы таңданыспен бағаланды

Эфиопияда Қазақстанның мәдени мұрасы таңданыспен бағаланды

Аддис-Абеба, 2023 жылғы 16 қазан – Республика күнін мерекелеу қарсаңында Қазақстанның Эфиопиядағы Елшілігі қазақ дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, қазақ мемлекеттілігінің тарихы және Қазақстанның әлемдік мәдени мұраға қосқан үлесі туралы семинар ұйымдастырды.

Іс-шараға Эфиопиядағы ЮНЕСКО директоры Рита Биссунаут, Эфиопия Парламентіндегі Қазақстанмен достық тобы төрағасының орынбасары Вондиму Текле, шет елдердің елшілері, бизнес қоғамдастық және БАҚ өкілдері қатысты.

Республика күніне орайластырылған семинар барысында Қазақстан Елшісі, Африка одағы жанындағы Тұрақты өкілі Барлыбай Садықов Қазақстан мәдениетаралық және дінаралық диалогты ілгерілетуді жақтайтынын, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының саммиттерін, сондай-ақ ЮНЕСКО қамқорлығымен Қазақстанда құрылған Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық орталығымен ынтымақтастықта мәдениеттің әртүрлі аспектілері бойынша конференциялар ұйымдастыратынын атап өтті.

Оның айтуынша, Еуразия құрлығының орталығында жайғасқан Қазақстан халқы тату көршілік, бейбітшілік пен басқа халықтар мен мәдениеттерге төзімділік рухын бойына сіңірген. «Бүгін, алғашқы Қазақ хандығы құрылғаннан бері бес жарым ғасырдан астам уақыт өткен соң, мәдениеттер мен төзімділіктің әртүрлілігін құрметтеу қағидаты Қазақстан қоғамының негіздеріне және ұтымды жақтарының біріне айналды», - деді ол.

Семинар аясында Қазақстанның мәдени мұрасы, Ұлы даланың белгілі тарихи тұлғалары – Сұлтан Бейбарыс, Қожа Ахмет Ясауи, Абылай ханның мәдениет пен халықаралық қатынастарды дамытуға қосқан үлесі туралы презентация мен фотокөрме ұйымдастырылды. Мағжан Жұмабаев, Темірбек Жүргенов секілді «Алаш» қозғалысы мен Алаш Орда үкіметі қайраткерлерінің қазақ мемлекеттілігін дамытуға қосқан үлесіне ерекше назар аударылды.

Қатысушылар қазақстандық ғалым М-А. Сыдықназаровтың XVI-XIX ғасырлар бойы қазақ мемлекеттілігінің үздіксіз тарихын куәландырған ежелгі еуропалық пен америкалық карталарының атлас-кітабымен танысты.

Сонымен қатар, қонақтарға Қазақ киіз үйінің әшекейлері, тұрмыстық заттар мен киімдер ұсынылды. Елшілік қызметкері Сәуле Дүйсенова қазақ халық әндерін домбыра үнімен орындады.

Сондай-ақ, қазақ және Эфиопия мәдениеттерінің мәдени ұқсастықтары туралы айтылды. Эфиопия Қазақстан тәрізді өзінің бірегей және бай мәдени мұрасымен әлемдік мәдениеттің дамуына зор үлес қосты. Семинарға қатысушылар мәдениетті, мәдениетаралық және дінаралық диалогты дамыту Африканың 2063 жылға дейінгі даму саласындағы ұзақ мерзімді күн тәртібіне басымдықтардың бірі ретінде енгізілгенін атап өтті.

Жалпы, іс-шараға қатысушылар ынталы әсерлерімен бөлісіп, қазақ мәдениетіне үлкен қызығушылық танытты. Олардың пікірінше, мәдени дипломатия өзара түсіністікті нығайту арқылы ұлттар арасындағы ынтымақтастықты ілгерілету құралы ретінде халықаралық қатынастарға, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға өз үлесін қосады.