
Аддис-Абеба, 5 қазан 2023 жыл – Аддис-Абебада Қазақстан Елшілігі ұйымдастырған семинар барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында көрсетілген Үкіметтің экономикалық бағыты аясында Эфиопияның Қазақстанмен және Орталық Азия елдерімен тауар айналымын одан әрі кеңейту жоспары талқыланды.
Іс-шараға Эфиопияның Сауда және өңірлік интеграция министрі Гебремескель Чала, Эфиопия Парламентінің Сыртқы істер және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дима Сарбо, Эфиопияның Инвестициялар және нетворкинг орталығының басқарма төрағасы, Эфиопияның бұрыңғы Президенті Доктор Мулату Тешоме, Эфиопия СІМ Орта Шығыс, Азия және Океания елдері департаментінің бас директоры Гебееху Ганга, «Эфиопиан эйрлайнс» әуекомпаниясының жүк тасымалдау секторының басшылығы, сондай-ақ екі жақты сауданы дамытуға, Қазақстанмен инвестициялық ынтымақтастыққа, соның ішінде Африка елдеріне қазақстандық тауарларды әкелуге, сондай-ақ эфиопиялық кофе, дәмдеуіштерді, гүлдерді және т.б. тауарлардың түрлерін Қазақстанға және Орталық Азия нарықтарына экспорттауға мүдделі ірі эфиопиялық компаниялардың басшылары қатысты.
Қазақстан Елшісі Барлыбай Садықов өз сөзінде семинарға қатысушыларды ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жыл сайынғы Жолдауында айтылған экономикалық реформалардың негізгі бағыттарымен таныстырды. Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының сауда мен инвестициялар саласындағы халықаралық және өңірлік ұйымдармен өзара іс-қимыл саясаты туралы ақпарат берілді. Африкадағы халық саны бойынша екінші мемлекет болып саналатын Эфиопияның теңізге тікелей шығу жолы жоқ екендігі ескеріле отырып, Шығыс Африка елдері мен Орталық Азия өңірі арасындағы транзиттік-көлік дәліздерін дамыту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Семинарға қатысушылар ҚР Үкіметінің 2029 жылға қарай ЖІӨ-ні екі есеге арттырып, 450 млрд.АҚШ долл. дейін жеткізу, Қазақстанды Еуразияның жетекші агроөнеркәсіп орталықтарының біріне айналдыру, экономиканың нақты секторын несиелендірудің жыл сайынғы өсімін 20%-ға дейін қамтамасыз ету, ІТ-қызметтер экспортын 2026 жылға қарай 1 млрд. АҚШ долл. дейін арттыру жөніндегі жоспарларына жоғары баға берді.
Эфиопияның сауда министрі Г.Чала екі ел арасындағы сауданың оң үрдістерін атап өтіп, Үкіметтің Қазақстанмен экономикалық байланыстарды кеңейту үшін бизнеске жәрдемдесуге дайын екендігін атап өтті.
Эфиопияның бұрынғы президенті, қазіргі Инвестициялар және нетворкинг орталығының басшысы М.Тешоме Қазақстанға жасаған сапарының қорытындысын шығарды, эфиопиялық компаниялардың қазақстандық серіктестермен кездесулерінің нәтижелілігін атап өтті және екі елдің бизнес құрылымдарының одан әрі табысты ынтымақтастығына сенім білдірді.
Жалпы, семинарға қатысушылар Қазақстанмен сауда-инвестициялық ынтымақтастыққа, экономиканың басым салаларында бірлескен кәсіпорындар ашуға зор қызығушылық танытып, уағдаластықтарды іске асыру жоспарларымен алмасып, эфиопиялық бизнес-делегацияның ү.ж. маусымда Қазақстанға сапарының және 2023 жылғы шілдеде Астанада өткен екі елдің сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде саяси консультациялардың екінші раундының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру жоспарларымен бөлісті.