
Аддис-Абеба, 2023 жылғы 25 қыркүйек – Эфиопия тарапының бастамасымен Қазақстанның Эфиопиядағы Елшісі, Африка одағы жанындағы Тұрақты өкілі Барлыбай Садықовтың Эфиопия Парламентінің Қазақстанмен достық тобының депутаттарымен кездесуі өтті.
2022 жылғы қараша айының басында екі ел парламенттерінің депутаттары алғашқы кездесуді өткізіп, оның барысында Қазақстан және Эфиопия парламенттерінде достық топтарын құру туралы уағдаласты. Осы жылдың бірінші жартысында тараптар депутаттық достық топтары мүшелерінің тізімдерімен алмасты. Эфиопия делегациясын Эфиопия Парламентінің адами ресурстар мен технологияларды дамыту комитеті төрағасының орынбасары доктор Бетелхем Лакеу Сисай басқарды.
Қазақстан Елшісі депутаттарды Қазақстанның ішкі саяси дамуы туралы, Мемлекет басшысының үкіметтің экономикалық міндеттеріне қатысты ү.ж. 1 қыркүйектегі Жолдауының негізгі ережелері туралы, сондай-ақ әділ және халық үніне құлақ асатын мемлекет құрудағы ҚР Парламенттің рөлі туралы хабардар етті. Б.Садықов Қазақстанның Африка елдерімен, оның ішінде құрлық тәуелсіздігінің символына айналған, Африка одағының саяси астанасы, Африканың екінші экономикасы, Африканың авиациялық хабы, теңізге шыға алмайтын әлемдегі ең ірі ел болып табылатын – Эфиопиямен екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты жандандыруға мүдделілігін атап өтіп, еліміздің сыртқы саяси басымдықтары туралы айтып берді.
Эфиопия Парламентіндегі депутаттық достық тобының басшысы Қазақстанмен ынтымақтастыққа үлкен қызығушылық танытты. Б.Л.Сисай ауыл шаруашылығы, энергетика, сауда, көлік, транзиттік әлеует, туризм саласындағы білім және технологиялар алмасу бойынша ынтымақтастықты іс жүзінде іске асыруға жәрдемдесу мақсатында екі елдің достық топтары депутаттарының кездесуін ұйымдастыруды ұсынды. Сонымен қатар, Б.Л.Сисайдың айтуынша, білім беру саласы, тағылымдамаларды ұйымдастыру, сондай-ақ халықаралық ұйымдар шеңберінде өзара іс-қимыл ерекше маңызға ие.
Жалпы алғанда, Қазақстанмен достық тобының депутаттары екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын, сондай-ақ ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Жаңа Қазақстан қалыптасуы бойынша реформаларын жоғары бағалады.