Қазақстан мен Эфиопия екіжақты ынтымақтастықты белсенді дамытуға ниетті

Қазақстан мен Эфиопия екіжақты ынтымақтастықты  белсенді дамытуға ниетті

Аддис-Абеба, 27 маусым 2023 жыл – Қазақстан мен Эфиопия екіжақты саяси, сауда-экономикалық ынтымақтастықты және халықаралық ұйымдардағы өзара іс-қимылды кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Қазақстанның Эфиопиядағы Елшісі, Қазақстан Республикасының Африка одағындағы Тұрақты өкілі Барлыбай Садықовтың Эфиопияның шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығына жетекшілік ететін Мемлекеттік Сыртқы істер министрі Месгану Аргамен кездесуі барысында сөз болды.

Б.Садықов сұхбаттасушыны Қазақстандағы саяси және экономикалық реформалардың барысы, Астана халықаралық форумының қорытындылары және эфиопиялық тараптан делегация басшысы болған Эфиопияның бұрынғы Президенті доктор Мулату Тешоме бастаған делегацияның форумға қатысуы, сондай-ақ Эфиопия бизнесмендерінің 2023 жылғы маусымда Қазақстанға табысты сапары туралы хабардар етті.

Кездесу барысында тараптар ағымдағы жылғы шілде айының басында Астанада өтетін Қазақстан мен Эфиопия Сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялардың екінші раундын өткізу мәселелерін талқылауға ерекше назар аударды.  М.Арга екі елдің саяси ынтымақтастығының деңгейін жоғары бағалады, оның ішінде халықаралық ұйымдар аясында Астанамен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделілік танытты.

 Қазақстан мен Эфиопия арасындағы екіжақты тауар айналымын ұлғайту мүмкіндіктеріне қатысты сауалдар да кездесудің күн тәртібінде болды. М.Арга Эфиопия тарапының Қазақстанның ірі бизнесмендерімен кездесіп, Эфиопияға металлургия өнімдерін, құрылыс материалдарын, мұнай-химия, тыңайтқыштар мен азық-түлік өнімдерін өндіру және жеткізу саласында бірлескен кәсіпорындар ашу перспективаларын талқылауға мүдделі екендіктерін білдірді. Сондай-ақ, Эфиопия тарапы ІТ-технологиялар саласында тәжірибе алмасуға, инвестициялар тартуға, қаржы секторына және т.б. бағыттар бойынша үлкен қызығушылық танытты.

Сонымен қатар, тараптар консулдық-құқықтық саладағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, атап айтқанда, тараптардың өтініші бойынша кейбір сұраулар бойынша құқықтық көмек көрсету мәселелерін талқылады.

Анықтама: Эфиопия СІМ-і жүйесінде министрдің орынбасарының екі лауазымы бар, олардың біреуі саяси және экономикалық ынтымақтастыққа; екіншісі - хаттамалық, әкімшілік-техникалық және қаржылық мәселелерге жауап береді.

Эфиопия әлемдегі теңізге шыға алмайтын ең ірі мемлекет, 120 млн. халқы бар Африкадағы екінші ел, құрамына 55 мүше мемлекет кіретін Африка одағының саяси орталығы.

Қазақстан мен Эфиопия дипломатиялық байланыстарды 2011 жылы 5 қыркүйекте орнатып, Аддис-Абебада 2014 жылғы 23 желтоқсанда Елшілік ашты. 

2016 жылғы 21 қыркүйекте Қазақстан мен Эфиопия Сыртқы істер министрліктері арасында саяси консультациялар туралы Меморандумға қол қойылды.