Қазақстан мен Эфиопия арасындағы ынтымақтастықты жандандыру туралы

Қазақстан мен Эфиопия арасындағы ынтымақтастықты  жандандыру туралы

Аддис-Абеба, 2023 жылғы 23 маусым – Қазақстан Республикасының Эфиопиядағы Елшісі, Африка одағы жанындағы Тұрақты өкілі Барлыбай Садықов Эфиопия СІМ-нің Орта Шығыс, Азия және Тынық мұхиты елдерінің істері жөніндегі департаментінің бас директоры Гебееху Гангамен кездесу өткізді.

Әңгіме барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастардың ағымдағы оңды динамикасын талқылап, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Тараптар 2023 жылғы 5-10 маусым аралығында Эфиопияның бұрынғы Президенті Мулату Тешоме бастаған эфиопиялық бизнес делегацияның Астана халықаралық форумының жұмысына қатысқан алғашқы сапарының оң нәтижелерін қанағаттанушылықпен атап өтті.

Бұдан басқа, тараптар 2023 жылғы шілде айының басында Астана қаласында өтуі жоспарланған Қазақстан мен Эфиопия сыртқы саяси ведомстволары арасындағы екінші консультациялардың күн тәртібін келісті. Консультациялар екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйін бағалауға және екіжақты өзара іс-қимылдың алдағы перспективасына арналған өзара тиімді бағыттарын белгілеуге мүмкіндік береді.

Тараптар БҰҰ, ЮНЕСКО және т.б. халықаралық ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастықтың табысты тәжірибесіне сүйене отырып, халықаралық аренада өзара іс-қимылды нығайту туралы келісті.