Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жеңіс күнімен құттықтауы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жеңіс күнімен құттықтауы

Қымбатты отандастар!

 

Сіздерді Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! 

Бұл – еліміздің тарихында айрықша орны бар мереке. Сондай-ақ бейбітшілік пен бостандық үшін күрескен аға буынның жанқиярлығын, қажымас қайраты мен ерік-жігерін әйгілейтін мейрам. 

Сұрапыл соғыс жылдарында отандастарымыз қайсарлық пен қаһармандықтың теңдессіз үлгісін танытты. Майданға аттанған жауынгерлеріміздің тең жартысы ұрпақтың болашағы  үшін жанын пида етті.

Жеңіске тыл еңбеккерлері де өлшеусіз үлес қосты. Олар ел басына күн туғанда халқымыздың жұдырықтай жұмыла білетінін ерен еңбегімен дәлелдеді.

Соғыста опат болған боздақтарымыздың рухына тағзым етіп, ардагерлерімізге лайықты құрмет көрсету – біздің перзенттік борышымыз.

Біз бүгінгі бейбіт өміріміз үшін жеңімпаз аға буынға қарыздармыз. Олардың өшпес ерлігі – кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Майдангерлеріміз жан аямай қорғаған азаттық, әділдік, теңдік құндылықтары Әділетті Қазақстан үшін де мызғымас темірқазық болып қала береді. 

Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!

Ардагерлеріміз аман болсын!

Жеңіс күні құтты болсын! 

Мәлімет үшін: Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан

Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы 1941-1945 жж. Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде 1939-1945 жж. орын алған.

Қазақстан одақтас республика мәртебесінде КСРО құрамында болды (Қазақ КСР), 1941 ж. 22 маусымда Кеңес Одағына фашистік Германия армиясының шабуылы мерзімінен бастап соғысқа қатысқан болатын.

Қызыл Армия қатарына 1 млн. 200 мың адам, КСРО армиясында қызмет еткен 178 мың жауынгерге қосымша, алынды. Олардың 600 мыңнан астамы соғыс майданында немесе түрлі жарақаттардан қайтыс болды. Қазақстандық жауынгерлер барлық шайқастарға белсенді қатысқан болатын. Майданның барлық бағыттарында қазақстандықтар жаулармен батыл соғысып, ерлік пен патриотизмнің ғажайып үлгілеріне айналды. Ұлы Отан соғысы майданында көрсеткен ерлігі үшін Қазақстанның жүздеген мың жауынгерлері КСРО-ның әскери ордендерімен және медальдарымен марапатталған болатын, 500-ден астам адам Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Олардың ішінде қазақ қыздары да – пулеметші М. Мәметова және мерген А. Молдағұлова.

Төрт қазақстандық әскери ұшқыш - Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағының иегерлері болды.

1941 жылдың қыркүйек айының соңында басталған Мәскеу шайқасында Қазақстанда құрылған генерал И.В. Панфиловтың 316-шы атқыштар дивизиясы ерекше орын алғаны белгілі. 16 қарашада Панфиловтың дивизиясы Ұлы Отан соғысының аңызына айналған шайқасқа қатысты. Бұл шайқаста 28 панфиловшылар Дубосеково торабының қарсаңында неміс танк батальонының жолына тұрып, 20-дан астам танкіні жойып, тоқтатқан болатын. Панфиловтың жиырма сегіз батырының ерлігі Мәскеу үшін шайқастың жарқын үлгілердің бірі болып, Екінші Дүниежүзілік соғыс тарихындағы бетбұрысы болғаны мәлім.

Мыңдаған қазақтар неміс фашистері басып алған территориялардағы партизандық қозғалыстарға да белсенді қатысты.

1945 ж. 30 сәуірде Рейхстагқа Жеңіс туын бірінші көтерген қазақстандық лейтенант Рақымжан Қошқарбаев және ресейлік жауынгер Григорий Булатов болды.

Қазақстан майданның қуатты арсеналына айналды. Республиканың экономикасы әскери қажеттіліктерге бағытталды. Қазақстан әскери өнеркәсіпте қажетті мыс, қорғасын, висмут, молибден, полиметалл өндірудің жетекші орындарына айналды. Қазақстанның қорғаныс зауыттары қарудың жаңа түрлерінің, снарядтардың, миналардың және басқа да әскери мақсаттағы құралдардың өңдірістерін игерді. Қазақстанның ауыл шаруашылығы майданды азық-түлікпен, өнеркәсіпті – қажетті шикізатпен қамтамасыз етті.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Ж.Тоқаевтың атап өткендей «Қазақстандықтардың жеңіске қосқан үлесі айқын көрінеді. Армияны қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарды деп айтуға болады. 10 оқтың 9-ы қазақстандық қорғасыннан жасалған болатын. Майданға 1500 вагон киім мен азық-түлік жіберілді. Басқаша айтқанда, біздің Жеңіске жетудегі үлесіміз айқын болды».

1945 жылдың тамыз-қыркүйек айларында Қиыр Шығыстағы қазақ жауынгерлері фашистік Германияның одақтасы - Жапонияның Квантунг армиясын тоқтатуға белсенді қатысты.

Қазақстан халқы Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарды еске алады және әрқашан халықтар арасындағы татулық пен достықты қолдайды.