
Аддис-Абеба, 2023 жылғы 4 мамыр – Қазақстанның Эфиопиядағы Елшілігі ұйымдастырған семинарда саяси жаңғырту қорытындылары мен Қазақстанның жаңа әлеуметтік-экономикалық басымдықтары талқыланды.
Іс-шараға Эфиопия Парламентінің Халықаралық ынтымақтастық, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі тұрақты комитетінің төрағасы
Д.Н. Сарбо, елдің бұрынғы президенті М.Тешоме, Ұлттық диалог жөніндегі Эфиопия Парламенті комиссиясының мүшесі Й.Адайе, Эфиопия СІМ Сыртқы саясат институтының директоры Д.Амбо, Даму, зерттеу және ынтымақтастық орталығы директорының орынбасары К.Д.Мелес, Эфиопияның ірі бизнесі мен БАҚ өкілдері қатысты.
Қазақстан Елшісі Барлыбай Садықов қатысушыларды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған Қазақстанның саяси жаңғыруының мақсаттары мен барысы, өткен парламенттік сайлаудан кейін қабылданған жаңа Парламент Мәжілісі мен жаңа Үкімет жұмысының бағдарлары туралы хабардар етті.
Атап айтқанда, ол саяси және әлеуметтік-экономикалық жүйені одан әрі жаңғырту, адам құқықтары мен бостандықтарын қолдау, шағын және орта бизнестің мүдделерін қорғау, сондай-ақ жаңа, әділ және халық үніне құлақ асатын мемлекет, тиімді мемлекеттік аппарат және бәсекеге қабілетті ұлттық экономика құрылысының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу басымдықтарына егжей-тегжейлі тоқталды.
Сонымен қатар, Б.Садықов эфиопиялық делегацияның ү.ж. 8-9 маусымда өтетін Астана халықаралық форумына қатысуы аясында екіжақты ынтымақтастықтың келешегін атап өтті. «Эфиопия делегациясы мен ірі бизнес өкілдерінің сапары Қазақстанға алғашқы сапар болады және екіжақты қарым-қатынастарды, әсіресе сауда-экономикалық саладағы байланыстарды жаңа сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік береді деп үміттенеміз», - деді ол.
Елшінің айтуынша, Астанадағы Форумда қауіпсіздік пен экономикалық дамудың жаһандық мәселелері бойынша пікірталастар барысында Эфиопияның бұрынғы президенті М.Тешомеге спикер ретінде сөз сөйлеу мүмкіндігі берілетін болады. «55 Африка елдерінен тұратын Африка одағына мүше мемлекет Эфиопияның жоғары өкілінің қатысуы Форумның көпжақты сипатын мен жұмысын айтарлықтай байытады. Сондай-ақ, Африканың қарқынды индустриялануы мен жастар санының өсуі «Африка континенттік еркін сауда аймағын» қазақстандық тауарлар мен бизнес үшін өте тартымды сыртқы нарықтардың біріне айналдырады», - дейді Б.Садықов.
Семинар барысында қатысушыларға Қазақстанның сауда-инвестициялық ахуалы, макроэкономикалық перспективалары және ұлттық экономиканың даму болжамдары туралы толық мәліметтер ұсынылды. Эфиопиялық бизнес тарапынан қазақстандық ірі бизнеспен іскерлік байланыстар мен әріптестік орнату бойынша тілектер мен ұсынымдар айтылды.
Эфиопияның бұрынғы президенті, Инвестициялар және нетворкинг орталығының басқарма төрағасы М.Тешоме Астана халықаралық форумға қатысудан күтетін үміттерімен бөлісті.
«Екі ел арасындағы өзара сауда мен инвестициялар өсуінің зор әлеуеті бар. Қазақстанда да, Эфиопияда да бір-біріне ұсынатын көп нәрсе бар. Астанаға сапар елдердің бір-біріне деген экономикалық мүдделері туралы нақты түсінік береді және сауда өзара процесс болғандықтан, бірлескен кәсіпорындар мен өндірістер құру эфиопиялық бизнесмендері үшін алдағы сапардың ең басты мақсаты болып табылады», - деді М.Тешоме.
Эфиопия Ұлттық диалог жөніндегі комиссиясының комиссары Й.Адайе Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев алға тартқан демократиялық реформаларға түпкілікті қолдау білдіріп, оның себебін айтып берді.
«Ең алдымен, Қазақстандағы реформалар ұзақ мерзімді ұлттық мүдделерге негізделгені, олар сырттан әкелінбегені және ел халқының қажеттіліктерін ескеретіні өте маңызды. Демократиялық өзгерістер сонымен қатар қоғамның, әсіресе жастардың, орта тапты құрайтын халықтың жоғары білімді бөлігінің жинақталған үміттерін ақтайды. Сонымен қатар, жүргізіліп жатқан реформалар Қазақстандағы жалпыұлттық бірлік саясатын нығайтады», - деді Й.Адайе.
Эфиопия СІМ Сыртқы істер институтының Азия және Тынық мұхиты елдері басқармасының бастығы Д.Тайенің айтуынша, Қазақстан табысты мемлекеттің үлгісін көрсетуде.
«Тәуелсіз даму жылдары бойы сіздің еліңіз әлемнің барлық елдерімен достық және өзара тиімді сауда-экономикалық қатынастарды пайдалана отырып, саяси және экономикалық жаңғырту жолымен жүруде. Бұл сіздің еліңіздің жетістігі екені сөзсіз. Билікті орталықсыздандыру, Парламенттің өкілеттіктерін күшейту және демократиялық процестердің инклюзивтілігі қоғамның дамуы мен ілгерілеуі үшін өте пайдалы», - айтты Д.Тайе.
Ол сондай-ақ ҚР транзиттік-көлік саясатын жақсы басқарудың көрсеткіші деп атады.
«Қазақстан, Эфиопия секілді, теңізге тура шыға алмайтын ел болып табылады және Еуропалық пен Азия континенттерін біріктіретін транзиттік-көліктік инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру Қазақстан Үкіметінің елдер мен өңірлер арасындағы сауда ынтымақтастығын дамыту үшін өзінің географиялық орналасуын тиімді пайдаланғанын дәлелдейді. Бұл ақылды басқарудың жақсы мысалы және теңізге шыға алмайтын басқа елдер үшін үлгі», - деп атап өтті сарапшы.
«Belay AB Motors & Cables» ірі холдингінің директоры Т.Белай бірлескен жобаларды ұйымдастыруға және Қазақстанда лайықты серіктестер іздеуге қызығушылық білдірді.
«Қазақстан өте қызықты және үлкен мүмкіндіктерге ие. Біз Сіздің еліңізбен бизнес жобаларды дамытуға мүдделіміз. Қазақстанға жоспарланған алдағы сапар барысында өңдеу, құрылыс, бөлшек сауда, ауыл шаруашылығы және азық-түлік саласындағы ірі бизнес өкілдерімен кездесулерді күтеміз», - деді Т.Белай.
Жалпы, семинар қатысушылары еліміздің қазіргі саяси және экономикалық дамуына, екіжақты қарым-қатынастардың жай-күйіне, негізгі сауда серіктестерімен байланыс орнату перспективаларына терең қызығушылық танытып, іскерлік және практикалық маңызы бар сұрақтар қойды. Іс-шара қорытындысы бойынша олар Қазақстанмен екіжақты байланыстарды одан әрі дамыту бойынша өз ұсынымдарын берді.