
Аддис-Абеба, 2023 жылғы 27 наурыз - Парламенттік сайлаудың қорытындылары және Қазақстандағы саяси мен экономикалық реформалардың іске асырылу барысы Қазақстан Елшісі, Африка одағы жанындағы Тұрақты өкілі Барлыбай Садықовтың африкалық сарапшылармен кездесуінің күн тәртібінде болды.
Қазақстан Елшілігінде ұйымдастырылған семинарға СІМ және Эфиопия Парламентінің өкілдері, Африка елдерінің елшілері, Диалог, зерттеулер және ынтымақтастық орталығы, Эфиопия СІМ Сыртқы саясат институты секілді талдау орталықтарының сарапшылары, саясаттанушылар, африкалық Үкіметтік емес ұйымдары, сондай-ақ эфиопиялық БАҚ журналистері қатысты.
Елші Б.Садықов сайлаудың алдын ала нәтижелеріне сәйкес, сайлауға қатысқан жеті партияның алтауы жаңа Парламентке өткені туралы хабарлады. Бұл 1995 жылдан кейінгі алғашқы көппартиялы Парламентті қалыптастыру соңғы жылдары Қазақстанда Президент Қ.Тоқаев жүргізіп отырған Конституциялық заңнамалық өзгерістер мен реформалардың арқасында мүмкін болғанын атап өтті.
Қатысушыларды Қазақстандағы саяси және экономикалық жүйелерді неғұрлым демократияландыру, монополиясыздандыру және құқықтық мемлекетті нығайту жағына қарай трансформациялау жөніндегі шешімдерді әзірлеу тетігі қызықтырды.
Біздің еліміздегідей, Африканың көптеген елдерінде құқықтық мемлекеттің, демократиялық құндылықтардың дамуы одан әрі мемлекеттік дамудың аса өзекті мәселесі және экономикалық өркендеудің таптырмас шарты болып табылады. Африканың 2063 жылға дейінгі даму күн тәртібіне сәйкес, тиімді басқару, демократия, адам құқықтарын құрметтеу, заң үстемдігі және әділеттілік институттарын қамтамасыз етпей тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу мүмкін емес.
Осыған байланысты сарапшылар Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың тәжірибесін зерделеудің, оның ішінде Парламенттің рөлін кеңейту мен күшейтудің, адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің конституциялық тетіктерін үдемелі дамытудың, халықтың мемлекетті басқаруға көбірек тартылуының, сонымен бірге көп этникалық қоғамда бейбітшілік пен толеранттылықты сақтаудың олар үшін ерекше маңызды екенін білдірді.
Эфиопия Парламентінің Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі кіші комитетінің төрағасы Тауфик Абдуллахи Ахмед Қазақстандағы бәсекелестік сайлау мен көппартиялы парламент қабылданатын заңнамалық шешімдердің сапасын арттыруға алып келеді деп есептейді.
- Парламенттік сайлау Парламент жұмысының тиімділігін едәуір арттыратын үш маңызды өзгерісті көрсетті: Біріншіден, бұл өткен сайлау процесінің инклюзивтілігін көрсететін аралас пропорционалды-мажоритарлық модельді қолдану, екіншіден, адамдарға «барлығына қарсы» дауыс беру құқығы берілді, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар адамдар, әйелдер мен жастар депутаттардың мандаттарын бөлу кезінде квота алды, үшіншіден, пікірлердің плюрализмі мен оппозициялық саясаттың ықпалын арттыра отырып, бұл сайлауда Парламентке кірген және көппартиялық жүйені құрайтын билік пен оппозицияның бәрі жеңіске жетті, - деді эфиопиялық депутат.
Сонымен қатар, Т.А.Ахмед екі ел арасында сауда-экономикалық, саяси, парламентаралық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтудің елеулі әлеуетін атап өтті. Осыған байланысты, ол екіжақты саяси консультациялар мен парламентаралық достық топтарының алғашқы кездесуі барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың маңыздылығын еске салды.
Эфиопия СІМ Қоғамдық дипломатия департаментінің бас директоры Елші Дина мүфтидің айтуынша, Қазақстандағы реформалар азаматтарды мемлекеттік басқаруға тарту бөлігінде басқа елдер үшін жақсы үлгі көрсетуде.
- Менің ойымша, Қазақстандағы реформалар саяси және әлеуметтік-экономикалық жетістіктер тұрғысынан өте табысты. Қазақстандық реформаларды зерттеу біз үшін өте пайдалы болуы мүмкін, себебі Эфиопия да ауқымды реформалар процесінде болуда. Сондай-ақ, Қазақстан халқын парламенттік сайлаудың сәтті өтуімен құттықтағым келеді. Сіздің еліңізде жүргізіліп жатқан инклюзивті саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар әлемнің басқа елдері үшін жақсы үлгі болатынына және Қазақстан мен Эфиопия арасындағы екіжақты қатынастарды нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін, - деді ол.
Эфиопиян Хералд газеті Бас редакторының орынбасары Алем Хайлу Қазақстандағы саяси плюрализмді қамтамасыз еткен сайлау нәтижелерін жоғары бағалады.
- Ең алдымен, Президенттің өкілеттік мерзімін Конституциялық шектеу, сонымен бірге Парламенттің рөлін арттыру, сондай-ақ Конституциялық сот құру үлкен назар аударуға тұрарлық. Қазақстандағы бұл өзгерістердің барлығы азаматтардың пікірлерін ескере отырып, көп ұлтты және көпконфессиялы қоғамда бірлік пен тең құқықты нығайтуға ықпал етеді, - деді А.Хайлу.
Жалпы, сарапшылар Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың үдемелі, инклюзивті және транспарентті сипатын және елімізді әлеуметтік-экономикалық жаңғырту үшін сапалы құқықтық негіздерді одан әрі әзірлеуде көппартиялы Парламенттің маңызды рөлін атап өтті.