
Баку, 2023 жылғы 2 наурыз – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тумыш Эфиопия Премьер–министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Демеке Меконненмен кездесу өткізді.
Кездесу Қосылмау қозғалысының COVID-19-ға қарсы күрес бойынша Байланыс тобының саммиті шеңберінде үйымдастырылды.
Қазіргі Қосылмау қозғалысы саммитінің күн тәртібіндегі пандемияға жауап және постковидтік кезеңдегі кооперация мәселесі талқылаудың негізгі тақырыптарының бірі болды. Эфиопиялық тарап бұл тұрғыда, ең алдымен, Африка құрлығы үшін Қазақстан Президентінің биологиялық қауіпсіздік жөніндегі Халықаралық агенттік құру жөніндегі бастамасының өзектілігін атап өтті.
Сонымен қатар, тараптар саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективаларын талқылады. Өзара сауданы дамыту, екіжақты іс-шараларды өткізу, сондай-ақ көпжақты құрылымдар шеңберінде бірлескен жұмыс мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қ.Тұмыш Африка одағының саяси орталығы орналасқан Қазақстанның Эфиопиямен жан-жақты ынтымақтастығын нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, біздің еліміз Аддис-Абебаны Африка құрлығындағы өзінің негізгі серіктестерінің бірі ретінде қарастыратынын айтты.
Сондай-ақ, эфиопиялық әріптесін ағымдағы жылғы 18-19 ақпанда Аддис-Абеба қаласында Африка одағының 36-шы саммитінің сәтті өтуімен құттықтап, саммит қорытындыдары Африка елдерінің континенттегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріндегі бірлігін, сондай-ақ «Африка мәселелеріне арналған африкалық шешімдер» және «Қаруды үнсіз қалдыру» қағидаттарын жүзеге асырудағы прогресті көрсеткенін еске салды.
Кездесу нәтижесінде тараптар өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты.
Анықтама: Эфиопия Африка одағының штаб-пәтерінің орналасқан жері болып табылады, оған Африкаға мүше 55 мемлекет кіреді. Сонымен қатар, Эфиопия халықаралық ұйымдар үшін Африка хабы, Африканың халық саны бойынша екінші экономикасы, теңізге шыға алмайтын әлемдегі ең ірі ел, сондай-ақ Африка континентінің негізгі транзиттік авиациялық хабы болып табылады.
Қазақстан Эфиопиямен 2011 жылғы 5 қыркүйекте дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. 2014 жылғы 23 желтоқсаннан бастап ҚР Эфиопиядағы Елшілігі жұмыс істейді.