
Аддис-Абеба, 2023 жылғы 31 қаңтар - Қазақстанның Эфиопиядағы Елшісі, Африка одағы жанындағы Тұрақты өкілі Барлыбай Садықов Африка одағы Ассамблеясының Малабодағы 16-шы кезектен тыс сессиясының декларациясында белгіленген «Африка Бейбітшілік және татуласу күнін» мерекелеуге арналған Африка одағы Бейбітшілік және қауіпсіздік кеңесінің салтанатты отырысына қатысты.
Бейнеконференцбайланыс форматында өткен іс-шараға АО Бейбітшілік және қауіпсіздік кеңесінің, АО Комиссиясының өкілдері, АО мүше-мемлекеттер мен бақылаушы елдердің тұрақты өкілдері, ҮЕҰ және Африка елдерінің талдау институттары қатысты.
Салтанатты отырыс барысында Африка одағының Бейбітшілік және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі комиссары Банколе Адеойе Малабодағы Африка одағы Ассамблеясының 16-шы кезектен тыс сессиясының шешімдерін іске асыру бойынша АО Комиссиясының атқарған жұмысы туралы баяндама жасады. Сонымен қатар, отырыста АО Комиссиясының төрағасы М.Ф.Махамат, Ангола президенті Ж.Лоренсу, АО-ға мүше елдердің тұрақты өкілдері сөз сөйледі, олар бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жай-күйі мен перспективалары, терроризм қатерлеріне және Африка континентіндегі биліктің конституциялық емес өзгерістеріне бірлесіп қарсы тұру туралы өз пікірлерімен бөлісті.
АО Комиссиясының рәсімдеріне сәйкес Қазақстанның Тұрақты өкілі Б.Садықов қатысушыларға өзінің үндеуін жолдады, онда Африкада бейбітшілік пен татуласу күнін құрумен құттықтады, сондай-ақ еліміздің қауіпсіз әлем құруға қосқан үлесі туралы хабардар етті.
Атап айтқанда, Африка елдерінің жоғары өкілдері Қазақстанның сенім шаралары тетіктерін дамыту саласындағы халықаралық жобаларымен танысты, оның негізін 30 жыл бойы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) құрады. Қазақстандық дипломат Қазақстанның бастамасы бойынша әлемнің 90-нан астам ел, олардың көпшілігі Африкада «Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу үшін мінез-құлық Кодексіне» қол қойғанының халықаралық маңыздылығын ерекше атап өтті. Б.Садықов осы Кодекске қол қойған елдер терроризмге қарсы күрес және 2045 жылға қарай терроризмнен азат әлем үшін жаһандық коалиция құру жөніндегі халықаралық нормаларды практикада қолдану міндеттемелерін растағанын еске салды.
ҚР Тұрақты өкілі Сирия бойынша халықаралық кездесулердің 19 раундын қабылдаған және Ауғанстанның дамуы мен жанжалдан кейінгі қалпына келуіне көмек көрсететін еліміздің көпвекторлы сыртқы саясатының бітімгершілік әлеуетінің артып келе жатқанын атап өтті. «Біздің даму, бейбітшілік және қауіпсіздік мақсаттарына практикада берілгендігіміз Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстандағы орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығын құру үшін берік іргетас қалыптастырады», - деді Б.Садықов.
Жалпы, Бейбітшілік және қауіпсіздік кеңесінің салтанатты отырысының барлық қатысушылары Африка одағы Ассамблеясының Малабодағы 16-шы кезектен тыс сессиясының Африкадағы терроризмге және мемлекеттік төңкерістерге қарсы іс-қимыл саласындағы шешімдерін одан әрі іске асыру бойынша өзара іс-қимылды нығайтуға келісті.