
Аддис-Абеба, 2022 жылғы 12 желтоқсан - Қазақстанның Эфиопиядағы Елшісі, Африка Одағы жанындағы Тұрақты өкілі Барлыбай Садықов Сидама өңіріне барды.
Өңірдің бас қаласында Елшіні Хаваса қаласының Мэрі Цегайе Туке Киа қабылдады.
Тараптар экономикалық саладағы ынтымақтастықты талқылады. Атап айтқанда, екіжақты сауданы дамыту, сондай-ақ Қазақстан өңірлері мен Эфиопияның оңтүстігіндегі Сидама өңірі арасындағы инвестициялық ынтымақтастық мәселелері қозғалды.
Бұл мәселелер Елшінің қаланың сауда-өндіріс палатасының Бас хатшысы Давит Верде Джорджионың қатысуымен Хаваса қаласының ірі бизнес өкілдерімен кездесуі барысында толығырақ талқыланған еді. Таныстырылымда Б.Садықов бизнесмендерді Қазақстанның қазіргі экономикалық дамуы туралы хабардар етіп, қазақстандық нарықтың кең мүмкіндіктерін ұсынды, сондай-ақ бірлескен сауданы ұлғайту перспективаларын және шетелдік инвестицияларды қорғау жөніндегі елдің саясатын сипаттады. Қорытындылай келе, тараптар ауыл шаруашылығына арналған машина жасау, тоқыма өнеркәсібі және туризм салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастық пен бірлескен іскерлік жобалар үшін жақсы мүмкіндіктерді атап өтті.
Хаваса қаласының басшылығы Елшіні «Hawassa Industrial Park» арнайы экономикалық аймағының қызметімен таныстырды. Онда АҚШ, Еуропа, Қытай, Үндістан, Индонезия, Бангладеш, Шри-Ланка және т.б. елдерден киім және тоқыма өндіретін әлемнің 23 жетекші компаниясы өз қызметтерін атқаруда екен. Ал парк аумағында 60 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
Кездесу барысында Хаваса индустриалды паркінің бас директоры Матиос Ашенафи Джирайе Қазақстанның бірлескен сауданы дамытуға мүдделілігін құптап, парк аумағында қазақстандық компанияларды қабылдауға дайын екендігін білдірді.
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту аясында Елші Хавасаның ең ірі федералды университетінің басшылығымен кездесті, ал онда 30 мыңнан астам студент оқиды. Кездесу студенттердің және университеттің профессорлық-оқытушылық құрамының елімізге деген қызығушылығын көрсеткен жанды пікірталас форматында өтті. Б.Садықов Қазақстандағы білім саласындағы реформаларға назар аудара отырып, еліміздің жоғары оқу орындарында жоғары білім алу перспективаларын түсіндірді.
Өз тарапынан Хаваса университетінің президенті доктор Аяно Берассо Қазақстан университеттерімен ынтымақтастыққа қызығушылық танытып, тәжірибе, зерттеулер және технологиялармен, әсіресе ауыл шаруашылығы саласында алмасу қажеттігін атап өтті. А.Берассо Қазақстан Елшісін университеттің білім саласындағы және ғылымдағы жетістіктерімен таныстырды.
Анықтама: Сидама аймағы көпұлтты және Эфиопияның оңтүстігінде орналасқан. Сидама - Эфиопияның кофе өндірілетін үш негізгі аймағының бірі болып табылады, кофенің шамамен 40% осы өңірде өңдіріледі. Мұнда өндірілетін кофенің көп бөлігі бірінші және екінші дәрежелі сапаның ең жақсы сорттарына жатады.