Эфиопия депутаттары Қазақстандағы саяси реформалармен таныстырылды

Эфиопия депутаттары Қазақстандағы  саяси реформалармен таныстырылды

Аддис-Абеба, 2022 жылғы 28 қараша – Қазақстанның Эфиопиядағы Елшілігінің қолдауымен Қазақстан және Эфиопия парламенттерінің достық топтарының депутаттары деңгейіндегі алғашқы парламентаралық кездесу бейнеконференция форматында өтті.

Қазақстан делегациясын ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық ынтымақтастық, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан басқарды. Эфиопия Парламенті атынан Эфиопияның Халықтық өкілдер палатасының халықаралық қатынастар және бейбітшілік мәселелері жөніндегі тұрақты комитетінің төрағасы доктор Дима Ногго Сарбо басқарған делегация қатысты.

Кездесу барысында тараптар екіжақты және көпжақты күн тәртібі мәселелері, сондай-ақ парламентаралық өзара іс-қимыл перспективалары жөнінде пікір алмасты.

Эфиопиялық парламентшілерге Қазақстандағы ағымдағы саяси және экономикалық реформалар, кезектен тыс президенттік сайлаудың нәтижелері, сондай-ақ жаңа Қазақстанды құруға бағытталған біздің еліміздегі парламентаризмнің қазіргі дамуы туралы ақпарат берілді.

Эфиопия Парламенті Халық Өкілдері Палатасының Халықаралық қатынастар және бейбітшілік мәселелері жөніндегі тұрақты комитетінің төрағасы доктор Дима Ногго Сарбо Президент Қ.Тоқаевты сайлаудағы жеңісімен құттықтап, Қазақстан халқына табыс пен өркендеу тіледі.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара қызығушылық тудыратын мәселелер жөнінде екіжақты парламентаралық өзара іс-қимыл тәжірибесін жалғастыруға келісті.