
Аддис-Абеба, 2022 жылғы 24 қараша – Қазақстанның Эфиопиядағы Елшілігінде 20 қарашада Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлаудың қорытындысы бойынша Дөңгелек үстел өткізілді.
Іс-шараға саясаттанушылар мен халықаралық қатынастар саласындағы сарапшылар, журналистер мен жетекші эфиопиялық басылымдардың басшылары қатысты.
Өз сөзінде Елші Б.Садықов қатысушыларды сайлау нәтижелерімен, оның ішінде қазіргі Президент Қ.Тоқаев сенімді жеңіске жеткенімен таныстырды. Ол ағымдағы сайлау осы жылғы 5 маусымда өткен жалпыұлттық референдумда ел азаматтары қолдаған саяси реформалар мен конституциялық өзгерістерді іске асырудың маңызды кезеңі болғанын атап өтті.
Сонымен қатар, Елші сайлау науқаны кезінде, сондай-ақ дауыс беру барысында қамтамасыз етілген ашықтық пен плюрализмге назар аударды.
Қазақстандық дипломат сайлау нәтижелерін негізді деп атады, себебі қазіргі Президент қоғам алдында үлкен абыройға ие. Мемлекет басшысының билікті одан әрі орталықсыздандыру, демократияны дамыту, экономиканы монополиясыздандыру және ақылды басқару бағытындағы бастамалары азаматтардың көпшілігінің қолдауын табуда.
Сарапшылардың пікірінше, Қ.Тоқаевтың жеңісі оған әділетті мемлекет құруды жалғастыру, ел азаматтарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту үшін жаңа конституциялық заңнамада қоғамның сенім мандатын жаңартуға мүмкіндік берді.
Эфиопияның баспа агенттігі бас редакторының орынбасары Дэниел Бейене Қазақстанның саяси бағытын Африка елдері үшін үлгі деп санайды.
«Африка елдері одан көптеген пайдалы мысалдар ала алады. Қазақстандағы қазіргі сайлау демократиялық реформалар жолындағы үлкен қадам. Президенттің өкілеттік мерзімін бір жеті жылдық мерзімге шектеу бұның айқын дәлелі десек болады», - деді Д.Бейене.
EBC арнасының тележүргізушісі Зеветир Десаленнің айтуынша, Қазақстан алдағы жеті жылда көп нәрсеге қол жеткізе алады.
«Бірінші кезекте, Президент Қ.Тоқаевты, оның командасын және барлық қазақстандықтарды табысты президенттік сайлаумен құттықтағым келеді. Эфиопия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас оң дамуда, және алдағы жеті жылда біздің екіжақты ынтымақтастығымыз одан да жылдам дамитынына, ал Қазақстан 2050 Стратегиясының мақсаттарына қол жеткізетініне сенімдімін», - деп айтты З.Десален.
Қорытындылай келе, эфиопиялық сарапшылар өткен президенттік сайлауды, сондай-ақ елдегі саяси, әлеуметтік-экономикалық жүйелерді жаңғырту бойынша қабылданып жатқан шараларды жоғары бағалады. Олар Президент Қ.Тоқаевтың жаңа өкілеттік мерзімі ішінде Жаңа Қазақстанды құруда табыс тіледі.