
Аддис-Абеба, 2022 жылғы 17 қараша – Қазақстанның Эфиопиядағы Елшілігі жанындағы «Абай» мәдени орталығында көрнекті тұлғалардың - қазақ ғалымы және саяси қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың, жазушы Мұхтар Әуезовтің және халық әртісі Роза Бағланованың қызметіне арналған семинар өтті.
Іс-шараға эфиопиялық ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ Қазақстанның Достар клубының мүшелері қатысты.
Ахмет Байтұрсыновтың шығармашылық мұрасына, оның қазақ мемлекеттілігінің, ғылымының, мәдениетінің дамуына және қазақ халқының рухани жаңғыруына қосқан елеулі үлесіне ерекше назар аударылды.
Өз сөзінде Қазақстанның Эфиопиядағы Елшісі, Африка одағы жанындағы Тұрақты өкілі Барлыбай Садықов семинарға қатысушыларды «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғыртудың мемлекеттік бағдарламасының, Қазақстан халқының бірлігін қамтамасыз ету және мәдени әртүрлілікті сақтау саясатының бағыттарымен таныстырды.
Сонымен қатар, ол ХХ ғасырдың бірінші жартысының басындағы қазақ шығармашылық зиялыларының қызметі және олардың әлемдік аренада қазақ мәдениетін ілгерілетудегі рөлі туралы айтып берді. М.Әуезов шығармашылығының қазақ әдебиетінің дамуына елеулі әсері атап өтілді, ал қазақ әншісі Роза Бағланованың музыкалық таланты өз уақытында елден тысқары жерлерге танымал болды.
Елші семинарға қатысушыларға биыл Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен жарияланған «2013-2022 жылдарға арналған Мәдениеттер жақындасу онжылдығының» қорытындысы шығарылатынын еске салды. Сондай-ақ биыл ЮНЕСКО-ның мерейтойлық күндер күнтізбесіне жоғарыда аталған қазақстандық тұлғалары - Ахмет Байтұрсыновтың, Мұхтар Әуезовтің, Роза Бағланованың туған күндері кірді.
Іс-шара барысында Қазақстан мен Эфиопия арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың келешегі талқыланды. Мәдени кеш қонақтарына елшілікте «Жаңа Қазақстан» тақырыбында фотокөрме ұсынылды.
Қазақстан мәдениетімен және тарихымен танысу бағдарламасы аясында режиссер Рүстем Әбдірашевтің «Қазақ хандығы: Алмас қылыш» атты кинофильмі көрсетілді.