Эфиопия сарапшылары Қазақстанның сыртқы саясатын және реформаларын зерттеуге мүдделі

Эфиопия сарапшылары Қазақстанның сыртқы саясатын  және реформаларын зерттеуге мүдделі

Аддис-Абеба, 2022 жылғы 9 маусым – Қазақстанның Эфиопиядағы Елшілігінде Эфиопия сарапшылары мен талдаушылары үшін өңіріміздегі ахуалды, сондай-ақ еліміздің сыртқы және ішкі саясатын көбірек түсіндіру мақсатында Қазақстандағы сыртқы саясат пен мемлекетішілік реформалардың басымдықтары тақырыбы бойынша семинар өтті.

Іс-шараға Эфиопияның СІМ Халықаралық қатынастар институтының (СІМ ХҚИ) қызметкерлері, сондай-ақ Қазақстан Елшілігінің өкілдері қатысты.

Қазақстанның Елшісі, Африка одағы жанындағы ҚР Тұрақты Өкілі Барлыбай Садықов семинарға қатысушыларды Қазақстанның Тәуелсіздіктің 30 жыл ішіндегі даму қорытындыларымен егжей-тегжейлі таныстырып, еліміздің ішкі және сыртқы саясатының дамуы, Жаңа Қазақстан мен Екінші Республиканың құрылысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған міндеттері туралы, Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша жалпы республикалық референдумның қорытындылары туралы айтып берді.

Сонымен қатар, Елші Қазақстанның сыртқы саясатының басымдықтары мен қағидаттарына егжей-тегжейлі тоқталып, Қазақстанның көрші елдермен және халықаралық серіктестермен тұрақты сенімді қарым-қатынасын құру ерекшеліктерін түсіндірді, еліміз ұсынған халықаралық бастамалар туралы хабардар етті.

Африка елдерінің саяси салмағы мен экономикалық әлеуетін ескере отырып, Қазақстан Африка елдерімен ынтымақтастықты жандандырды және 2017-2018 жылдарға арналған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігіне сайлауда Африканың 40-тан астам елінің Қазақстанның кандидатурасын қолдауы табысты өзара іс-қимылдың нәтижесі болды.

Эфиопия СІМ Халықаралық қатынастар институтының сарапшылары сыртқы және ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, шекараларды делимитациялау, этносаралық келісімді қамтамасыз ету, елде тұрақты экономикалық даму үшін жағдай жасау мәселелерін дипломатиялық құралдармен шешудегі қазақстандық тәжірибеге ерекше қызығушылық танытты. Сондай-ақ, сарапшыларды Қазақстан мен Эфиопияның өзара мүдделіліктің түрлі салаларындағы ынтымақтастығының перспективалары қызықтырды.

Эфиопия СІМ ХҚИ директоры Д-р Десалегн Амба қазақстандықтарды бірінші референдуммен жылы құттықтап, жаңа Қазақстан – Екінші Республиканың құрылысында табыс тіледі. Сондай-ақ, Д.Амба ҚР дипломатиялық қызметінің алдағы отыз жылдығын мерекелеумен құттықтады. Ол еліміздің экономикалық және саяси дамудағы жетістіктерін жоғары бағалады және ақпарат пен тәжірибе алмасу, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыру мақсатында Қазақстанның ұқсас мемлекеттік зерттеу мекемелерімен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытты.

Эфиопияның СІМ ХҚИ Африка мүйізі аймағындағы жетекші талдамалық орталықтардың бірі болып табылады, зерттеулер жүргізеді және Эфиопияның СІМ басшылығы мен Үкіметіне мемлекеттік басқару, сыртқы саясат, елдегі және Африкадағы қауіпсіздік саласында нақты ұсынымдар енгізеді.