
Аддис-Абеба, 2022 жылғы 1 маусым – Қазақстанның Эфиопиядағы Елшісі, ҚР Африка одағы жанындағы Тұрақты Өкілі Барлыбай Садықов Эфиопия Халық өкілдері палатасының халықаралық қатынастар және бейбітшілік мәселелері жөніндегі тұрақты комитетінің төрағасы доктор Дима Негомен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастардың жай-күйі мен перспективаларын, парламентаралық ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылады, сондай-ақ екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасында 2021 жылғы желтоқсанда өткен алғашқы саяси консультациялардың қорытындыларын оң бағалады.
Елші Д.Негоны біздің елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және экономикалық өзгерістермен, сондай-ақ Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі алдағы референдуммен таныстырды.
Сондай-ақ, Елші Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі бағыттары және биыл Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 7-ші съезінің, сондай-ақ АӨСШК саммитінің өтуі туралы хабардар етті.
Депутат Д.Него заң шығарушы органның рөлін күшейту бөлігіндегі жүргізіліп жатқан қазіргі саяси жүйесінің реформалары шеңберінде Қазақстанда парламентаризмді дамыту тәжірибесін зерделеуге мүдделілік танытты. Оның айтуынша, «Эфиопия секілді Қазақстан да соңғы жылдары тарихи трансформацияның маңызды кезеңінде тұр. Эфиопияның тарихы үлкен ежелгі мемлекет екендігіне қарамастан, бізге қазақстандық тәжірибе мен парламенттің елді басқарудағы рөлі өте қызық болуда».
Д.Него екіжақты диалогқа жәрдемдесуге дайын екенін растай отырып, сауда-экономикалық, инвестициялық салалардағы ынтымақтастықты дамытудың, халықаралық ұйымдар шеңберінде серіктестікті кеңейтудің үлкен перспективаларын атап өтті. Депутат Президент Қ.Тоқаевтың жаңа Қазақстанның құрылысы жөніндегі реформаларына жоғары баға берді, еліміздің халқына референдумның табысты өтуіне тілектестік білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға және өзара қызығушылық салаларындағы екіжақты өзара іс-қимылды нығайтуға жәрдемдесуге келісті.