
Аддис-Абеба, 2022 жылғы 11 мамыр – Қазақстанның Эфиопиядағы Елшісі, ҚР Африка одағы жанындағы Тұрақты Өкілі Барлыбай Садықов Қазақстандағы реформаларды түсіндіру бойынша, оның ішінде ел Конституциясына өзгерістер енгізу бойынша алдағы жалпы республикалық референдум туралы брифинг өткізді.
Брифингке Эфиопия СІМ Азия және Океания елдері департаментінің бас директоры Елші Гебееху Ганга, Эфиопия СІМ аппаратының басшысы Елші Молалигн Асфо, Эфиопия СІМ ресми өкілі Елші Дина Муфти, Африка мемлекеттерінің елшілері, сондай-ақ Африка одағы комиссиясының өкілдері қатысты.
Елші Б.Садықов өз сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 16 наурыздағы Халыққа Жолдауында жарияланған «Жаңа Қазақстанды» құруға бағытталған ауқымды саяси және экономикалық реформалар туралы айтып берді. Жүргізіліп жатқан реформалар билікті орталықсыздандыруға, демократиялық институттарды, заң үстемдігі қағидаттарын нығайтуға, азаматтық секторды дамытуға және әділ қоғам құруға бағытталғаны атап өтілді.
Сондай-ақ, Африка елдерінің елшілеріне биылғы 5 маусымда Қазақстанда Президент өкілеттігін шектеуді және Парламенттің рөлін күшейтуді, өңірлік және жергілікті билік органдарына өкілеттіктердің үлкен көлемін беруді, адам құқықтарын қорғау тетіктерін нығайтуды көздейтін ел Конституциясына елеулі өзгерістер енгізу туралы жалпыға ортақ республикалық референдум өткізу туралы ақпарат берілді.
Сонымен қатар, Қазақстанның Дипломатиялық қызметінің 30 жылдығы қарсаңында Б.Садықов қатысушыларды ҚР сыртқы саясатының негізгі тәсілдері туралы хабардар етіп, биыл АӨСШК саммитін және Әлемдік пен дәстүрлі діндер көшбасшыларының 7-Съезін өткізу бойынша Қазақстанның негізгі халықаралық танылған бастамалары туралы айтып берді.
Брифингтің қорытындысы бойынша Африка елдерінің өкілдері Қазақстанда саяси, әлеуметтік-экономикалық жүйелерді жаңғырту бойынша қабылданып жатқан шараларды жоғары бағалап, жаңа Қазақстанды құруда табыс тіледі.