Аддис-Абеба, 2022 жылғы 5 мамыр – Қазақстанның Эфиопиядағы Елшісі, ҚР Африка Одағы жанындағы Тұрақты Өкілі Барлыбай Садықов Бүкілафрикалық шіркеулердің конференциясының (бұдан әрі – ААСС) адам құқықтары, құқық үстемдігі және Африкадағы көші-қон мәселелеріне арналған отырысына қатысты.
Отырысқа ААСС Бас хатшысы доктор Фидон Мвомбеки, Африканың барлық елдері шіркеулері ұлттық кеңестерінің басшылары, Африка одағы комиссиясының, Африка елдерінен үкіметтік емес ұйымдар мен талдау институттарының өкілдері қатысты.
Елші Барлыбай Садықов ААСС мүшелеріне сөйлеген сөзінде елдегі бейбітшілік пен тыныштықты, азаматтық келісімді, діни төзімділікті қамтамасыз етуге бағытталған этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделімен таныстырды.
Ол сондай-ақ ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды нығайту, діндер арасындағы диалогты ілгерілету, әлемде төзімділік пен өзара құрмет мәдениетін дамыту мақсатында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін шақыру жөніндегі Қазақстанның бастамасы туралы айтты. Елші ү.ж. қыркүйекте Нұр-Сұлтанда өтетін Съездің 7-ші отырысының күн тәртібі туралы хабардар етті.
Сонымен қатар, Б.Садықов қатысушыларды еліміздің сыртқы саясатындағы, Қазақстанның халықаралық құқықтың, өзара құрмет пен әріптестіктің әмбебап қағидаттарын ұстанудағы тәсілдерімен таныстырды. Бұдан басқа, Бүкілафрикалық шіркеулердің конференциясының мүшелеріне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Жаңа Қазақстанды құру бойынша елімізде жүргізіліп отырған ауқымды әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар тұжырымдамасы ұсынылды.
Отырыс барысында Елші ААСС Бас хатшысы Ф.Мвомбекимен екіжақты кездесу өткізіп, оған ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің хатшысы Мәулен Әшімбаевтың Нұр-Сұлтандағы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 7-ші съезіне қатысуға шақыру хатын табыс етті. Бүкілафрикалық Шіркеулердің конференциясы Африкадағы ең беделді ұйымдардың бірі болып табылады және бейбітшілік, қауіпсіздік және дамудың ортақ мәселелерін бірлесіп шешуге, мәдениетаралық және дінаралық диалогтың әртүрлі нысандарын қолдауға айтарлықтай үлес қосады.
Ф.Мвомбеки өз кезегінде этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделін жоғары бағалап, Съезге шақырғаны үшін алғысын білдірді. Оның айтуынша, алдағы Съезд барысында Африка құрлығының қатысуы Африканы жаһандық дінаралық диалогқа тарту тұрғысынан өте маңызды болып табылады.