
Аддис-Абеба, 2022 жылғы 22 наурыз – Эфиопияның ықпалды ғылыми-зерттеу институттарының бірі болып табылатын - Диалог, зерттеулер және ынтымақтастық орталығында (CDRC) Қазақстандағы ағымдағы реформаларға арналған семинар өтті.
Іс-шараға CDRC Қамқоршылық кеңесінің мүшесі елші Текеда Алему, CDRC атқарушы директоры доктор Абдета Дрибса Бейене, CDRC атқарушы директорының орынбасары Касахун Дендер Мелезе, сондай-ақ орталықтың сарапшылары мен талдаушылары қатысты.
Қазақстан Елшісі Барлыбай Садықов бастау сөзінде Президент Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттары, оның ішінде Қазақстандағы саяси жүйенің түбегейлі өзгеруі және «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы айтып берді.
Елші Қазақстанның саяси жүйесін жаңғырту және суперпрезиденттік басқару формасынан мықты парламенті бар президенттік республикаға айналу қазақстандық қоғамның терең қажеттіліктері мен сұраныстарына негізделгенін атап өтті.
Қазақстандық дипломат екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін жоғары әлеуетті, сондай-ақ көптеген халықаралық мәселелер бойынша тәсілдердің ұқсастығын атап өтті. Эфиопия Қазақстанның Африкадағы маңызды серіктесі болып табылады және біздің еліміз өзара қызығушылық тудыратын барлық мәселелер бойынша ынтымақтастықты дамытуға мүдделі.
Іс-шара барысында Елші Т.Алему сөз сөйлеп, республиканың жаңа даму кезеңінің басталуына серпін берген Қазақстандағы қаңтар айындағы оқиғаларды атап өтті. Эфиопиялық сарапшы жаңа Қазақстанның табысты құрылысы үшін барлық жағдайдың бар екенін атап өтіп, еліміздің басшылығы мен халқына табыс тіледі.
Сонымен қатар, семинар аясында Т.Алемуге Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және елдер арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 10 жыл толғанына орайластырылған Қазақстанмен қарым-қатынастарды дамытуға қосқан қомақты үлесі үшін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Сыртқы істер министрі М.Тілеубердінің Алғыс хаты табыс етілді.
Жалпы айтқанда, Президент Қ.Тоқаевтың елдегі түбегейлі өзгерістер енгізуге бағытталған саяси көзқарасы Африканың ең ірі елдерінің бірінде сарапшылар ортасында шынайы қызығушылық тудырды. Семинар соңында сарапшылар Қ.Тоқаевтың саясатына жоғары баға беріп, біздің елмен екіжақты байланыстардың одан әрі нығая беретініне сенім білдірді.