
Аддис-Абеба қ., 2022 жылғы 24 ақпан - Эфиопия астанасында Қазақстан-Эфиопия қатынастарының перспективалары мен Қазақстандағы ағымдағы реформаларға арналған семинар өтті.
Іс-шараға Эфиопия СІМ-нің Таяу Шығыс, Азия және Океания департаментінің бас директоры Гебееху Ганга, ЮНЕСКО жанындағы Эфиопия Ұлттық комиссиясының бас хатшысы Безавит Гирма, Эфиопияның бұрынғы Президенті Мулату Тешоме, сыртқы істер министрлігінің, ғылыми, қоғамдық және бизнес топтарының жоғары лауазымды өкілдері, Эфиопияның бұрынғы елшілері, Эфиопияда аккредиттелген шет мемлекеттердің елшілері, сондай-ақ Эфиопияның орталық басылымдарының журналистері қатысты.
Өз алғы сөзінде Қазақстан Елшісі Барлыбай Садықов екіжақты қарым-қатынастардың жоғары деңгейін атап өтті. Ол Эфиопияны Қазақстанның Африкадағы маңызды серіктесі деп атады және өзара қызығушылық тудыратын барлық мәселелер бойынша ынтымақтастықты жандандыруға ниет білдірді.
Қазақстандық дипломат 2021 жылғы желтоқсанда екі мемлекеттің сыртқы істер министрліктері арасында өткен алғашқы саяси консультациялардың қорытындылары туралы айтып берді. Консультациялар барысында екіжақты қарым-қатынастардың перспективалы бағыттары, оның ішінде шарттық-құқықтық базаны дамыту, бизнес-қоғамдастықтар арасындағы байланыстарды кеңейтуге жәрдемдесу, білім беру, медицина, туризм, мәдениет және спорт саласындағы, сондай-ақ көпжақты платформалардағы ынтымақтастық перспективаларын зерделеу айқындалды.
Елші Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларына ерекше тоқтады. Қазақстан Үкіметі елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын іске асырып жатқаны атап өтілді. Президент Тоқаев Үкіметтің алдына қойған, елдің экономикалық әлеуетін толық қалпына келтіруді қамтамасыз етуден, жоспарланған реформаларды іске асырудан, инфляцияны төмендетуден және азаматтардың табысын ұлғайтудан тұратын мемлекеттің басымдықтары туралы хабардар етті. Сонымен қатар, Қазақстан азаматтарына бизнесті жүргізу үшін тең мүмкіндіктер қамтамасыз етілетіндігі, мемлекеттік органдар қоғамдағы сыбайлас жемқорлық салдарымен және экономикада өте бай үстемдікпен күресіп жатқаны айттылды.
Іс-шара барысында Эфиопия СІМ Бас директоры Гебееху Ганга сөз сөйлеп, 2021 жылы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 10 жыл толғанын атап өтті және Қазақстан мен Эфиопия арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың деңгейін жоғары бағалады. «Эфиопия мен Қазақстан қарым-қатынасты жақында орнатқанына қарамастан, біздің мемлекеттер екіжақты қатынастарды кеңейту және нығайту үшін жұмыс істеуге дайын», - деді Ганга.
Сонымен қатар, Эфиопияның бұрынғы Президенті доктор Мулату Тешомаға Қазақстан мен Эфиопия арасындағы қарым-қатынастарды дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы медалін салтанатты түрде табыс ету рәсімі өтті.
Өз кезегінде М.Тешоме Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевқа екіжақты достық байланыстарды ілгерілетудегі еңбегін жоғары бағалағаны үшін алғыс айтты. Эфиопияның бұрынғы президенті Елшілікпен бірлесіп, Эфиопия мен Қазақстанның іскерлік қоғамдастығын экономикалық дипломатияны іске асыруға, екі ел арасындағы сауда мен инвестицияларды дамытуға тарту үшін жұмыс істеуге дайын екенін білдірді.
Жалпы, іс-шараға қатысушылар Президент Қ.Тоқаевтың ауқымды қайта құру саясатына жоғары баға беріп, Қазақстанмен екіжақты ынтымақтастық одан әрі нығая беретініне сенім білдірді.
Анықтама: Мулату Тешоме Вирту Қазақстандағы Эфиопияның алғашқы елшісі болды. Сонымен қатар, Эфиопия президенті болып сайланғанға дейін М.Тешоме Түркияда, Қытайда, Жапонияда, сондай-ақ Грузия, Әзірбайжан, Тәжікстан, Таиланд, Вьетнам, Индонезия, Австралия және Филиппинде елші болды.