
Аддис-Абаба, 2022 жылғы 22 ақпан – Қазақстанның Эфиопиядағы Елшілігі Халықаралық ана тілі күніне арналған салтанатты іс-шараға қатысты. Халықаралық ана тілі күні 1999 жылы ЮНЕСКО-ның Бас конференциясында бекітілді.
Іс-шара БҰҰ-ның Африка елдеріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (ЮНЕКА) штаб-пәтерінде өтті және оған ЮНЕСКО, БҰҰ, Эфиопия үкіметінің өкілдері, қоғамдық ұйымдар, БАҚ, Эфиопияда аккредиттелген шет мемлекеттердің елшілері қатысты.
Қазақстан Елшісі Барлыбай Садықов өз сөзінде Халықаралық ана тілі күнін мерекелеу мәдени және тілдік әртүрлілікті түсінуді нығайту, толеранттылықты дамыту, рухани жаңғыру және қоғамдағы өзара құрмет үшін аса маңызды екенін атап өтті.
Ол биыл Қазақстанның БҰҰ-ға (2 наурыз) және ЮНЕСКО-ға (30 мамыр) мүшелігінің 30 жылдығы атап өтілетінін және біздің еліміз осы ұйымдармен белсенді ынтымақтастық орнатқанын, елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайту арқылы бейбітшілікті қолдауға бағытталған түрлі бастамалар көтеретінін атап өтті. Мәселен, 2012 жылы Қазақстанның бастамасы бойынша Мәдениеттер жақындастығының халықаралық онжылдығын жариялау туралы ЮНЕСКО-ның қарары қабылданды.
Қазақстандық дипломат қазақтың мәдени сәйкестілігін қалыптастырудағы қазақ тілінің рөлі, сондай-ақ қазақтың ұлы ғалымы лингвист және әдебиетші Ахмет Байтұрсыновтың қазіргі қазақ жазуы мен әліпбиінің дамуына қосқан үлесі туралы айтты. Дипломат қазақ ғалымының еңбектері әлемнің бірқатар елдерінде зерттелетінін және биыл ЮНЕСКО-ның халықаралық атаулы күндер күнтізбесіне А.Байтұрсыновтың 150 жылдығын мерекелеу кіргенін еске салды.
Іс-шараға қатысушылар Елшілік қызметкері Сәуле Дүйсенованың қазақ тіліндегі Ұлы ақын және ағартушы Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнінің орындалуын жоғары бағалады. Іс-шара қонақтарына А.Байтұрсыновтың өмірі мен қызметі туралы толық ақпарат таратылды.