
Аддис-Абеба, 2022 жылғы 7 ақпан – Қазақстанның Эфиопиядағы Елшісі, ҚР Африка одағы жанындағы Тұрақты Өкілі Барлыбай Садықов 2022 жылғы 5-6 ақпанда видеоконференция форматында Эфиопия астанасында өткен Африка одағына мүше мемлекеттер басшыларының жыл сайынғы 35-ші саммитіне қатысты.
Саммит барысында АО-2063 күн тәртібін іске асыру, COVID-19 пандемиясының салдарларын жою, қақтығыстар мен терроризм нәтижесінде өсіп келе жатқан қауіп-қатерлерін, бірқатар Африка мемлекеттеріндегі конституциялық емес мемлекеттік төңкерістерді еңсеру мәселелері, әлеуметтік-экономикалық даму, одақтағы институционалдық реформалар, гендерлік теңдік, жастар құқықтары мәселелері, әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықты тоқтату жөніндегі ұжымдық күш-жігер, білім, ғылым және инновациялар мәселелері, Пан-Африка Парламентінің (PAP), сондай-ақ Африка одағының Бейбітшілік пен қауіпсіздік кеңесінің мүшелерін сайлау мыселелері қаралды.
АО Саммитінің нәтижесінде күн тәртібіндегі мәселелер бойынша бірқатар шешімдер қабылданды. АО-дағы төрағалық кезегі Конго Демократиялық Республикасынан Сенегал Республикасына берілді.
Бұдан басқа, 2022 жылғы 2-3 ақпанда Қазақстан Елшісі Африка елдері сыртқы істер министрлерінің Африка одағының атқарушы кеңесінің сессиясына қатысты.
Анықтама: Қазақстан 2014 жылдан бастап АО-ға бақылаушы ел болып табылады.
35-ші Саммит мерейтойлық болды. 2022 жылы Африка Бірлігі Ұйымының (ОАЕ) мұрагері ретінде 2002 жылы ресми құрылған Африка одағына 20 жыл толады.