
Аддис-Абеба, 2021 жылғы 26 қазан – Қазақстанның Эфиопиядағы Елшісі, Қазақстан Республикасының Африка Одағы жанындағы Тұрақты өкілі Барлыбай Садықов Аддис-Абебадағы ЮНЕСКО басшысымен, Африкадағы әлеуетті арттыру халықаралық институтының (IICBA) директоры, доктор Юмико Йокозекимен кездесті.
Әңгімелесу барысында Елші ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелері туралы, Мемлекет Басшысы қойған ғылымды, білім мен мәдениетті дамыту жөніндегі ағымдағы міндеттер туралы, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы туралы айтып берді.
Өз кезегінде ЮНЕСКО өкілі ұйымның Африка аумағында жүзеге асырған қызметі мен бағдарламалары туралы, сондай-ақ Африка одағымен жастардың әлеуетін дамыту, Білім және мәдениет арқылы Африкада бейбітшілікті ілгерілету жөніндегі ынтымақтастық туралы хабардар етті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар кезінде Қазақстан бастама еткен Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығы (2013-2022) бойынша БҰҰ Іс-қимыл жоспарын іске асыру шеңберінде неғұрлым тығыз ынтымақтасуға уағдаласты.