
Аддис-Абеба, 2021 ж. 14 қазан – Эфиопиядағы Қазақстанның Елшілігі 2021 жылы қыркүйекте Эфиопияның Сауда палатасы мен салалық қауымдастығымен (TPSAE), және Аддис-Абеба қаласының Сауда палатасы мен салалық бірлестігімен бірлесе отырып қабылдаған өзара әрекеттестік Жол картасына сәйкес Елшіліктің дипломаттары Аддис-Абебаның кәсіпкерлерімен кездесуі өтті. Іс-шара барысында тауарлардың жекелеген түрлерімен екіжақты сауда жүргізу мәселелері талқыланды.
Елшілік металдар мен оның бұйымдары, мұнай-химия өнімдері, тыңайтқыштар, ауыл шаруашылығы өнімдері секілді тауарлар топтарына баса назар аударып, Қазақстанның экспорттық-импорттық әлеуеті туралы презентация жасады.
Іс-шараға қатысқан кәсіпкерлер бұдан бұрын Елшілікте алған ақпаратқа сүйене отырып, ынтымақтастыққа қызығушылық танытты және Қазақстанға ауыл шаруашылығы өнімдерін, атап айтқанда – әр түрлі өңделген кофені, шайды, тоқымаларды, сояны экспорттауға, ал Қазақстаннан – металл өнімдерін, тыңайтқыштарды, автомобильдерді және жүк көліктеріне арналған шиналарды импорттауға дайын екенін айтты.
Тараптар көлік бағыттары мен логистикалық мәселелерін де талқылады.
Кездесу нәтижесінде тараптар кәсіпкерлерден түскен ұсыныстарды зерделеу және байланыстарды жалғастыру туралы уағдаласты.