
Аддис-Абеба қ. 2021 ж. 22 қыркүйек, - Бүгін Қазақстан Елшісі Б.Садықовтың Эфиопияны дамыту, зерттеу және ынтымақтастық орталығының басшылығымен - Орталық директорының орынбасары, Елші Дендер Мелес және Орталық Басқармасының мүшесі, Елші Текеда Алемумен кездесуі өтті.
Сұхбаттасу барысында Б.Садықов Қазақстанның Тәуелсіздігінің 30 жыл ішіндегі жетістіктерімен, БҰҰ Бас Ассамблеясының 76 сессиясында талқылауға ұсынылатын негізгі халықаралық мәселелері бойынша еліміздің сыртқы саяси бастамаларымен және тәсілдерімен таныстырды.
Тараптар өзара екі елдің зерттеу орталықтары арасындағы ынтымақтастықтын, өзекті халықаралық және өңірлік проблемалар бойынша ақпарат алмасу перспективаларын талқылады.
Эфиопияны дамыту, зерттеу және ынтымақтастық орталығының өкілдері Қазақстанның зерттеу институттарымен серіктестік қарым-қатынас орнатуға қызығушылық білдірді.
Өзара іс-қимылды, оның ішінде екі елдің сарапшылары деңгейінде жалғастыру және бірлескен іс-шаралар өткізу туралы келісімге қол жеткізілді.
Эфиопияны дамыту, зерттеу және ынтымақтастық орталығы Эфиопияның жетекші зерттеу орталықтарының бірі болып табылады, ол Эфиопия Үкіметіне өзекті халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша ұсыныстар әзірлеуге және зерттеуге маманданған. Орталық мүшелері Эфиопияның бұрынғы елшілері, қауіпсіздік, даму, көлік, экология және т. б. салалардағы сарапшылары болып табылады.