
АДДИС АБЕБА, 2021 жылғы 23 тамыз – ҚР Эфиопиядағы Елшісі Барлыбай Садықов Африка одағының Саясат, бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелері жөніндегі комиссары Банколе Адеейемен кездесті.
Елші сұхбаттасын ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанның 30 жылдық тәуелсіз даму жетістіктері туралы, сондай-ақ бейбітшілік пен қауіпсіздік саласындағы сыртқы саясаттың басымдықтары туралы хабардар етті. Атап айтқанда, қазақстандық дипломат комиссардың назарын Елбасының Ядролық қаруға қарсы жаһандық көшбасшылар альянсын құру жөніндегі, терроризмнен азат әлемге қол жеткізу жөніндегі мінез-құлық Кодексін әзірлеу және оған қол қою жөніндегі халықаралық бастамаларына, сондай-ақ Президент Қ.Тоқаевтың Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттікті құру жөніндегі ұсынысына ерекше аударды.
Б.Садықов биыл Семей ядролық полигонының жабылуына 30 жыл, Орталық Азияда Ядролық қарудан азат аймақтың құрылуына 15 жыл, сондай-ақ Африкада Ядролық қарудан азат аймақтың (Пелиндаба) құрылуына 25 жыл толғанын еске салып, Қазақстанның АО-мен халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті ілгерілету саласындағы ынтымақтастығын кеңейтуге мүдделілігін атап өтті. «2014 жылы Қазақстан байқаушы ел мәртебесін алғаннан бері ядролық қарусыздану, гендерлік теңдік, түрлі жобаларды жүзеге асыруға көмек көрсету секілді бірқатар іс-шаралар ұйымдастырды», - деді Б.Садықов.
Сондай-ақ, Елші АО Комиссарына Қазақстанда коронавирустық инфекцияға қарсы QazVac вакцинасы әзірленгені туралы хабарлады.
Кездесу барысында АО Комиссары Банколе Адеейе Қазақстанның жетістіктерін жоғары бағалады, сондай-ақ ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, соның ішінде ядролық қаруды таратпау және тыйым салу саласындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделілігін білдірді.