Африка одағымен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту

Африка одағымен мәдени-гуманитарлық  ынтымақтастықты нығайту

АДДИС-АБЕБА қ., 2021 жылғы 3 тамыз – Қазақстанның Эфиопиядағы Елшісі Барлыбай Садықов Африка одағы комиссиясының Мәдениет, денсаулық сақтау, гуманитарлық қатынастар және әлеуметтік даму департаментінің бастығы Анджелес Мартинс ханыммен кездесті.

Кездесу барысында Қазақстанның бастамасымен БҰҰ-да қабылданған «2013-2022 жж. Мәдениеттерді жақындастырудың онжылдығы», 2021 жылы Африка одағының басты тақырыбы «Өнер, мәдениет және мұраға» арналғаны, сондай-ақ Қазақстан мен Африка одағының арасында мәдени саладағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері талқыланды.

Қазақстан Елшісі ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бастамасымен, сондай-ақ Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шараларды өткізу бағдарламасымен таныстырды.

Қазақстан 2013 жылғы қарашадан бастап құрлықтың 55 мемлекетін және 1 млрд. адамнан астам халықты біріктіретін Африка одағына байқаушы ел болып табылады.